ҚХЛ тарихындағы ең жылдам шайба соғылды

ҚХЛ тарихындағы ең жылдам шайба соғылды
Фото: tass.ru

"Салават Юлаев" (Уфа) пен "Локомотив" (Ярославль) хоккей клубтары арасындағы ойында Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) тарихындағы ең жылдам шайба соғылды.

Қонақтар қорғаушысы Александр Елесин ойын басталысымен есеп ашты. Оның шайба соғуына 5 секунд ғана жеткілікті болды. Мұз айдын иелері қақпашысы Бен Скривенс "Локомотив" ойыншыларының жылдам шабуылын күтпесе керек.

Осыған дейін ҚХЛ тарихындағы ең жылдам гол 2010 жылы соғылған болатын. "Салават Юлаев" шабуылшысы болған Александр Радулов "Юграға" қарсы ойында 6 секунд ішінде шайба соққан еді.

Айта кетейік, Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) Қазақстаннан "Барыс" командасы бақ сынайды. Қазіргі таңда елордалық ұжым Шығыс Конференцияда 8-орында келеді.

О. Сансызбай