Руни алаң ортасынан гол соққан ойында хет-трик жасады

Руни алаң ортасынан гол соққан ойында хет-трик жасады
Фото: rsport.ru

"Эвертон" футбол клубының шабуылшысы Уэйн Руни ағылшын премьер-лигасының ХIV тур ойынында "Вест Хэм" қақпасына үш гол (хет-трик) соқты. Оның бірін спорттық мансабындағы ең әдемі голы екенін айтты.

Футболшы "Вест Хэм" қақпашысы Джо Харттың қақпадан шығып, допты алаң ортасына сәтсіз бағыттағанын байқап, 55 метр қашықтықтан гол соқты.

Ойында "Эвертон" қарсыластарын 4:0 есебімен ұтты. Ал Руни болса бұл команда сапында алғаш рет хет-трик жасады.

Айта кетейік, осыған дейін Уэйн Руни ең әдемі голдарының бірін 2011 жылы "Манчестер Юнайтедте" ойнап жүргенде "Манчестер Сити" қақпасына соққанын жанкүйерлер жақсы біледі. Оның қайшылай теуіп соққан голын футболсүйер қауым ұмыта қойған жоқ. Тіпті бұл голы 2012 жылы "ағылшын премьер-лигасы тарихындағы ең әдемі соғылған гол" деп те танылған еді.

Ө. Сансызбай