"Астананың" еурокубоктағы табысы артты

"Астананың" еурокубоктағы табысы артты
Фото: Астана ФК

Футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңінде бақ сынап жатқан "Астана" клубы осы маусымдағы еурокубок ойындарындағы табысын арттырды. Түнде Нетанияда "Маккабиді" ұтқан елордалық ұжым табысын тағы 360 мың еуроға өсірді.

Нетания қаласында өткен ойын 0:1 есебімен аяқталды. Кездесудегі жалғыз голды елордалық команданың ганалық шабуылшысы Патрик Твумаси соқты. Ойын мен ойындағы голды мына сілтеме бойынша көре аласыздар. 

Осылайша "Астана" қазір еурокубокта жалпы 7 миллион 20 мың табыс тауып отыр. 

Еуропа лигасының топтық кезеңіне "Астана" Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне дейін жетіп барып келді. Ал Чемпиондар лигасының екінші кезеңінде жеңіске жеткені үшін елордалық клуб 320 мың еуро кіріс кіргізсе, плей-офф кезеңіне шыққаны үшін 3 милллион еуро алды. Сонымен қатар Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыға алмағаны үшін командаға тағы 260 мың еуро сыйақы түсті. 

Ал Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққаны үшін "Астана" 2,6 миллион еуро алды. Бұл турнирдің топтық кезеңінде жеңіске жеткені үшін 360 мың еуро, ал тең нәтиже үшін 120 мың еуро алады. Сонымен қатар бұл бәсекедегі әрбір командаға ТВ-трансляциядан түскен пайданың үлесі де беріледі. 

Айта кетейік, Еуропа лигасының топтық кезеңінде бірінші орын алған команда қосымша тағы 600 мың еуро алады. Екінші орын алған ұжымға 300 мың еуро беріледі. 

Жалпы биылғы Еуропа лигасының жүлде қоры 399,8 миллион еуроны құрайды. Бір клуб бұл турнирде жалпы 15,71 миллион еуроға дейін табыс табуға мүмкіндігі бар. 

Ө. Сансызбай