Аргентинамен жолдастық кездесу өткізу үшін қанша қаржы шығындау керек?

Аргентинамен жолдастық кездесу өткізу үшін қанша қаржы шығындау керек?
Фото: Eurosport

Таяуда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Аргентина құрамасымен қараша айында жолдастық кездесу өткізуі мүмкін деген ақпарат шыққан еді. Бірақ кейіннен бұл мәлімет расталмады. Ал бүгін Аргентина құрамасының жолдастық кездесу үшін қанша сыйақы сұрайтыны белгілі болды.

Өткен аптада Қазақстан футбол федерациясының спорттық директоры Игорь Утробин Vesti.kz порталының тілшісіне Аргентина федерациясымен жолдастық кездесу өткізу үшін келіссөз жүргізіп жатқанын айтқан болатын. Нақтырақ айтсақ, ол - "Біз Аргентина федерациясының өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Әрине, бұл қиын процесс. Оның үстіне 14 қарашаға дейін аз уақыт қалды. Қазіргі уақытта келіссөздердің қаржылық тұсын шешу керек. Жалпы соманың 40 пайызын федерацияның өзі төлеуге дайын. Қалған 60 пайызын төлеу үшін демеушілер қарастырып жатырмыз", - деп еді.

Кейіннен Аргентина құрамасымен Әзірбайжанның да келіссөз жүргізгені белгілі болып, кездесуден бас тартқаны анықталды. Ал бүгін, 26 қазан күні екі дүркін әлем чемпиондарымен қараша айында Украина құрамасының да кездесуден бас тартқаны туралы ақпар тарады. 

FootballHub порталының таратқан мәліметі бойынша, екі елдің футбол федерациялары жолдастық кездесу өткізу туралы келіссөз жүргізіпті. Бірақ аргентиналықтар бұл ойын үшін бір миллион доллар талап еткен. Осыдан кейін Украинаның футбол федерациясы да кездесуден бас тартқан. Ал Әзірбайжан футбол федерациясының бас хатшысы  Эльхан Мамедов Аргентинамен ойын өткізу үшін 2 миллион еуро қажет болғанын айтқан.

Еске салайық, Аргентина құрамасы 11 қараша күні Мәскеудегі "Лужники" стадионында Ресей құрамасымен, ал 14 қараша күні Краснодар қаласында Нигерия құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді.  

Ө. Сансызбай