Ибрагимович Zlatan Legends мобильді ойынын шығарды

Ибрагимович Zlatan Legends мобильді ойынын шығарды
Фото: vk.com

Атақты швед футболшысы Златан Ибрагимович Zlatan Legends мобильді ойынын шығарды. Онда футбол өнерінің ең танымал «Нарциссі» әлемді жамандықтан құтқарады.

Ойынның дәстүрлі футболмен ұқсастығы жоқ, дегенмен бір-екі ортақ ережелерін табуға болады. Zlatan Legends ойынында Марвел комикстерінің супербатыры Темір Адамның киіміне ұқсас костюм киіп алып «драфтбол» ойынын ойнайды. Бұл драфтбол — доппен ойнайтын футуристік спорт түрі. Жалпы, ойын концепциясы пинбол көбірек еске салады. Златан бейнесіндегі ойыншының міндеті: допты аяқпен тебу арқылы траекторияны өзгерте жүріп алғашқы деңгейден соңғы деңгейге дейін жету.

Бұл жобаны жасап шығарған студияны Ибрагимовичтің  өзі басқарады. Футболшының айтуы бойынша, видео ойындар оның осал тұсы болып шықты. Супержұлдыз Zlatan Legends  ойынындағы кейіпкердің болмыс-бітімі толықтай өзінен айнамайтынын айтады. «Ойындағы кейіпкер — дәл өзім, - дейді Ибрагимович. — Ол әлемді құтқарғысы келеді, мен де команда ауыстырғанда үнемі осыны айтамын». Кейіпкердің дауысын да спортшы өзі жазып шыққан.

Zlatan Legends тегін жүктеледі, бірақ ойынның құрамдас бөліктерін ақшаға сатып алады. Ибрагимович мақсаты ақша табу емес екенін айтты. Ол онсыз да әлемдегі ең бай футболшылар тізімінде үшінші орынды иеленіп келеді. 

М. Ақан