Тартысқа толы тең ойын

Тартысқа толы тең ойын

Футболдан 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында үшінші кездесуін өткізген Қазақстан ұлттық құрама ойыншылары өз алаңында Австрия футболшыларымен тең ойнады.

Австрия футболшыларына тегеурінді қарсылық көрсеткен ұлттық құрама кездесуді 0:0 есебімен тең аяқтады. Тартысты болған ойында Қазақстан құрамасы іріктеу сындарындағы алғашқы ұпайды еншіледі. Венгриялық Томаш Вагнер төрешілік еткен ойында 4 ескерту қағазы көрсетілді. Жерлестеріміздің гол салуға мүмкіндіктері болды, алайда жасаған шабуылдары сәтсіз аяқталды. Енді, қарымта ойын 16 қазанда Австрия астанасы Венада өтеді.

Мирослав Беранек, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

— Бүгінгі қарсыласымыз Ирландия құрамасынан мықты болды. Сондықтан шығар, командалар өте керемет ойын өрнегін көрсете алды. Әрбір осындай кездесу — біз үшін үлкен тәжірибе. Кездесуге дейін жігіттерімен сөйлесіп, "егер осы ойында ұпай алғыларың келсе, мінездік көрсетіп, бар өнерлеріңді көрсетулерің керек" дегенмін. Әлбетте, аустриялықтарда гол соғатын мүмкіндіктер көп болды. Бірақ біз де қарап қалған жоқпыз ғой. Бар өнерімізді көрсеттік. Сол үшін командамды құттықтап қойғым келеді».

Марсель Коллер, Аустрия құрамасының бас бапкері:

— Өзім де осындай ойын күтіп едім, өте ауыр кездесудің куәсі болдық. "Астана-Арена" стадионының жасанды алаңы да өз дегенін жасады. Табиғи шөпте доп теуіп үйренген біздер үшін бұл стадионда футбол ойнау қиын болды. Мұндай алаңға дайын болмай шықтық. Әсіресе бірінші таймда өз ойынымызды таба алмадық. Екінші таймда гол соғатын мүмкіндіктеріміз көп болған еді, бірақ мақсатымызға жете алмадық. Дегенмен, Қазақстан құрамасы керемет шабуылдар ұйымдастырды. Соған қарамастан, таблодағы көрсеткішке риза емеспін. Енді келесі ойындарда барымызды салу керекпіз.

— Қазақстан құрамасының сапында қай футболшының ойыны ұнады?

— Ешкімді де бөле жарғым келмейді. Барлық ойыншылары барын салды. Тіпті, ойын соңына таман кейбіреулерінің аяқтары құрысып жатты. Сонда да қайтқан жоқ. Жалпы, Қазақстан құрамасының барлығы сауатты ойнады.

— 16 қазан күнгі Венадағы ойында тактикаңызды өзгертесіз бе?

— Бұл туралы баспасөз мәслихатында ешнәрсе айтпаймын. Алдымен осы ойынды сараптап алайық. Ойыншылардың да жағдайын бағамдауымыз қажет. Бәлкім, негізгі құрамдағылардың кейбірі шаршаңқырап, резервтегілер керісінше құлшынып тұрған шығар.

 Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ

Сурет: alasharena.kz

Қ. Қауымбек