Әлем чемпионы атанған түрік қызына сүйіктісі боз кілемде сөз салды

Әлем чемпионы атанған түрік қызына сүйіктісі боз кілемде сөз салды
Фото: life.ru

Күрес түрлерінен Парижде өтіп жатқан әлем чемпионатында түрік қызы Ясмин Адар 75 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды. Финалдық белдесу аяқталысымен сүйіктісі Эрдем Йигит спортшы аруға сөз салды.

«Эрдем жеңіс тұғырынан көрінген аруға неке жүзігін көрсетіп, гүл сыйлады. Ал Ясмин жігіттің тілегін қабыл алып, жұбайы болуға келісімін берді», - деп жазады түріктің NTV порталы.

Айта кетейік, Ясмин Адар жеңімпаз атанған 75 келіге дейінгі салмақта отандасымыз Гүлмарал Еркебаева да қатысқан еді. Бірінші белдесуінде америкалық Виктория Франсисті жеңіп, 1/8 финалда колумбиялық Андреа Каролина Гутьерреске жол беріп алды.

Әлем чемпионаты. Париж, Франция. - 75 келі

1. Ясмин Адар (Түркия). 
2. Василиса Марзалюк (Беларусь). 
3. Жустина Ди Стазио (Канада) және Хирое Сузуки (Жапония)

Ө. Сансызбай