66 ойын қатарынан гол соққан "Реал" жеке рекордын жаңарта түсті

66 ойын қатарынан гол соққан "Реал" жеке рекордын жаңарта түсті
Фото: vk.com

Бірер күн бұрын УЕФА Суперкубогын жеңіп алған мадридтік "Реал" 66 ойын қатарынан гол соғып, жеке рекордын жаңарта түсті. Команда 62 ойыннан кейін-ақ Мюнхеннің "Бавария" командасына тиесілі болып келген үздік көрсеткішті басып озған еді.

66 ойын қатарынан гол соғу - Еуропадағы басты бес біріншіліктің (Испания, Англия, Италия, Германия, Франция) рекорды. УЕФА Суперкубогында корольдік клуб "Манчестер Юнайтедті" (Англия) 2:1 есебімен ұтты. Нәтижесінде барлық турнирлерде 66 ойын қатарынан гол соққан алғашқы команда атанып отыр.

"Реал" соңғы рет өткен жылдың 26 сәуірінде "Манчестер Ситимен" 0:0 есебімен тең ойнаған. Одан бергі аралықтағы барлық ойындарында қарсыластар қақпасына кем дегенде бір гол соғып келеді.

Зиннедин Зидан жаттықтыратын команда келесі екі ойынын Испания Суперкубогы аясында "Барселонаға" қарсы өткізеді. 14 тамыз күні "Камп Ноуда", араға 3 күн сала "Сантьяго Бернабеуде" ойнайды.

Ө. Сансызбай