Қар көрмеген шаңғышы (видео)

Қар көрмеген шаңғышы (видео)
Фото: Polskie Radio

Шаңғы спортынан Финляндияда өтіп жатқан әлем чемпионатында жанкүйерлер күтпеген қызықты оқиға орын алды. Венесуэлалық спортшы Адриан Солано өмірінде алғаш рет шаңғы теуіп, алғаш рет жарыс жолына шыққан жан секілді өнер көрсетті.

Шаңғышы жарыс ережелерін ұмыт қалдырып, тіпті сәт сайын құлаумен болды. Қолындағы таяғын сындырып та алды. Тіпті 6 шақырымнан кейін жарыс жолын шатастырып та қателесті. Жылдам сырғанаудан жасқанып, жер құша жығылған сәттері де болды. Мұның барлығы жиналған жанкүйерлердің күлкісін келтірді. Көпшілігі спортшыны қолдап, жарысты соңына дейін жалғастыруына дем беріп, қолдау көрсетті. Спортшы аңдап басып, жарысты да аяқтады. Жеңімпаздан 38 минутқа кешігіп келді.

Венесуэлалық спортшының әлем чемпионатына дайындығына кедергілер көп болыпты. Бір ай бұрын өз дайындығын шыңдау үшін Швецияға жол тартады. Парижде Адрианды полиция қызметкерлері есірткі тасымалдаушы күдікті ретінде ұстайды. Себебі Венесуэладан (қар сирек жауатын ел) шыққан шаңғышы екеніне сенбеген. Бірнеше күн бойы күдіктіден есірткі таппағаннан кейін ғана полицейлер спортшыны еліне қайтарған. Кейіннен қайта қаржы тауып, спортшы әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алған. Осының барлығы оның жүйкесіне әсер етіп, жарысты сәтсіз өткізуіне де себеп болуы мүмкін. Яғни, ол Лахтидегі додаға еш дайындықсыз келген. 

Төменгі видеода 5 шақырымға жүгірудегі жарысы


Ө. Сансызбай