Алматының орталық стадионы адам танымастай өзгеруі мүмкін

Алматының орталық стадионы адам танымастай өзгеруі мүмкін
Фото: vesti.kz

Алматының орталық стадионына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.

Орталық стадионға биылғы маусым басында да жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Алаң желегі ауыстырылып, ішкі бөлмелері жаңартылған еді. Соның нәтижесінде алматылық клуб маусымдағы алғашқы 4 турды түзде өткізген-ді. Алдағы уақытта орталық стадион 30 мың жанкүйер бір мезетте ойынды тамашалай алатындай болып кеңейтілмек. Ал стадионның сыртқы көрінісі заманауи талаптарға сай сән түземек екен.

Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім нақты қабылданбаған. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары басталған күннің өзінде қашанға дейін дайын болатыны белгісіз.

Айта кетейік, осы маусымнан бастап Орталық стадион «Қайрат» клубының игілігіне берілген. Ал оған дейін клуб стадионды жылына 1,2 миллион доллар төлеп, жалға алып келген еді. Маусым алдында клуб президенті Қайрат Боранбаев стадионның тек футбол ойынын өткізуге ғана арналуы мүмкін екені туралы тілге тиек еткен.

Алматының орталық стадионы 1958 жылы ашылған. Футбол мен жеңіл атлетикадан жарыстар өтіп тұрады. Қазіргі таңда 23 804 орын бар. «Астана Арена» стадионы ашылғанға дейін ұлттық құрама да өз ойындарын осы стадионда өткізіп келген.

Ө. Сансызбай