Жылдық табысы ең жоғары 10 футболшы

Жылдық табысы ең жоғары 10 футболшы
Фото: eurosport.ru

Әлемде ең көп табыс табатын мамандық иелерінің қатарына футболшылар да жатады. Жақында ғана жарияланған «Forbes» рейтингінде мадридтік «Реалдың» көшбасшысы Криштиану Роналду үшінші жыл қатарынан көш бастады.

Криштиану Роналду 2015 жылы жалақы мен сыйақыларын қоса есептегенде 53 миллион АҚШ доллары көлемінде табысқа кенелген. 29 миллион долларды жарнама келісімшарттары негізінде тапқан. Нәтижесінде бір жыл ішінде 82 миллион долларға қаржы қорын молайтқан футболшы «Forbes» рейтингіндегі өз орнын сақтап қалды.

Өткен жылы ең көп қаржы тапқан ойыншылар ішінде екінші орынға Лионель Месси жайғасқан. Ол 2015 жылы 77 миллион доллар көлемінде қаржы тапқан. Оның 51 миллионы жалақысы мен сыйақысы болса, қалғанын жарнама келісімшарттарынан алған.

«Forbes» рейтингіндегі әлемдегі жылдық табысы ең жоғары футболшылардың үштігін Златан Ибрагимович қорытындылап отыр. Ол 2015 жылы 37 миллион қаржыға кенелген. Оның 30 миллионын жалақысы мен сыйақысы құраса, қалғанын жарнамадан тапқан.

Жылдық табысы ең жоғары ойыншылар ондығы:

1. Криштиану Роналду (Португалия, «Реал») - 82 млн

2. Лионель Месси (Аргентина, «Барселона») - 77

3. Златан Ибрагимович (Швеция, ПСЖ) - 37

4. Неймар (Бразилия, «Барселона») - 36

5. Гарет Бэйл (Уэльс, «Реал») - 34

6. Уэйн Руни (Англия, «Манчестер Юнайтед») - 26

7. Серхио Агуэро (Аргентина, «Манчестер Сити») - 24

8. Луис Суарес (Уругвай, «Барселона») - 23

9. Эден Азар (Бельгия, «Челси») - 22

10. Сеск Фабрегас (Испания, «Челси») - 21

Ө. Сансызбай