Головкин мен Альварес 17 қыркүйекте жұдырықтасады – Шейн Мозли

Головкин мен Альварес 17 қыркүйекте жұдырықтасады – Шейн Мозли
Фото: mmamania.com

Бокстан америкалық экс-чемпион Шейн Мозли «twitter» желісіндегі жеке парақшасында қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы жекпе-жектің өтетін уақытын жариялады. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.

Танымал боксшының жазуы бойынша, жекпе-жек 17 қыркүйекке жоспарланыпты. Ол бұл ақпараттың шындыққа жанасымды екенін, сондай-ақ алғаш болып хабарлап отырғаны туралы да жазды.

- «Канело» және GGG – 17 қыркүйек! Меніңше, қыркүйек айында бұл жекпе-жекке тең келер кездесу өте қоймас. Жыл жекпе-жегі болады. «Golden Boy Promotions» атқарған керемет жұмыс!

- Сіздер «Канело» мен GGG келісімге келгенін әлі естімеген боларсыз? Келіссөздер аяқталды. Сіз мұны бірінші болып оқып отырсыз. Менің жекпе-жегім 28 мамыр күні өтеді. Ал «Канело» мен GGG – 17 қыркүйекте, - деп жазды Шон Мозли.

Айта кетейік, 7 мамыр күні Сауль Альварес Лас-Вегаста Амир Ханға қарсы жекпе-жек өткізіп, WBC тұжырымы бойынша чемпиондық атағын қорғап қалған болатын. Енді WBC ережесіне сәйкес мексикалық қазақстандық боксшымен кездесуі тиіс. Қос боксшы промоутерлерінің келіссөздер жүргізуіне жарты айға жуық уақыт бар. 

О. Сансызбай