«Барселона» Чемпиондар лигасында рекорд орнатты

«Барселона» Чемпиондар лигасында рекорд орнатты
Фото: barcablaugranes.com

Каталондық «Барселона» тоғызыншы рет қатарынан Чемпиондар лигасының ширек финалына шығып, рекорд орнатты. Сондай-ақ жеңіліссіз ойындар санын 38-ге жеткізді.

«Қартамыс құрлықтың» ширек финалына шыққан барлық клубтар белгілі болды. Луис Энрике жаттықтыратын «Барселона» екі ойын қорытындысы бойынша лондондық «Арсеналды» еш қиындықсыз жеңіп шықты. Бірінші ойында «блауграна» 2:0 есебімен жеңіске жетсе, қарымта кездесуде 3:1 есебі тіркелді. «Камп Ноуда» өткен ойында Неймар, Суарес пен Месси үштігі гол соқты.

«Альянс Аренада» өткен «Бавария» мен «Ювентус» арасындағы ойын аса тартысқа толы болды. Туринде өткен алғашқы ойында 2:2 есебі тіркелген болатын. Мюнхенде туриндік клуб оңай есе жіберген жоқ. Италиялық ұжым бірінші таймда-ақ екі доп басымдығымен алға озды. Алайда ойынның аяқталуына бірнеше минуттар қалғанда «Бавария» таразы басын теңестіріп кетті. Алдымен Роберт Левандовский гол соқса, Томас Мюллер командасын жеңілістен құтқарып қалды. Ал қосымша уақытта алаң иелерінің ойыны өз нәтижесін берді. Тьяго Алькантара мен Команның голдары «Баварияны» ширек финалға алып шықты.

Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан барлық клубтар белгілі болды. Атап айтсақ, осыған дейін «Реал», «Вольфсбург», «Бенфика», «Атлетико», «ПСЖ» және «Манчестер Сити» клубтары бұл белесті бағындырған еді. Жеребе тастау рәсімі ертең Швейцарияның Ньон қаласында өтеді. 

Ө. Сансызбай