«Астана» тең ойыны үшін жарты миллион еуро сыйақы алады

«Астана» тең ойыны үшін жарты миллион еуро сыйақы алады
Фото: vesti.kz

Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Галатасараймен» тең ойнаған «Астана» УЕФА тарапынан 500 мың еуро сыйақы алады.

2015/2016 жылғы маусымнан бастап Чемпиондар лигасының жүлде қоры 25 %-ға жоғарылаған болатын. Осыған дейін 380 миллион еуро болса, келер маусымнан бастап бұл додаға қатысушыларға 1,5 миллиард еуро таратылатын болады. Ал Еуропа лигасының жүлде қоры 380 миллион еуроны құрайды. Бұл сыйақылар алдағы үш маусымға жоспарланған.

Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққаны үшін «Астана» 12 миллион еуро табысқа кенелді. Ал плей-оффта Кипрдің «АПОЭЛ» клубын ұтқаны үшін тағы 2 миллион еуро жеңіп алған еді. Команда екінші және үшінші кезеңдегі ойындарының нәтижесі бойынша 700 000 еуроға (300 мың және 400 мың сәйкесінше) қаржы қорын молайтып үлгерген-ді. Топта әр клуб әр жеңісі үшін 1,5 миллион еуро көлемінде қаржыға кенеледі. Ал егер тең түссе, сәйкесінше 500 мың еуроға қол жеткізеді. Бұл сыйақылардың барлығы маусым соңынан берілетін болады.

Ө. Сансызбай