Чемпиондар лигасының бірінші күніндегі басты оқиғалар

Чемпиондар лигасының бірінші күніндегі басты оқиғалар
Фото: sport.ba, sports.ru, vk.com

Футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезеңі басталды. Төрт топтағы бірінші ойындар өтіп, командалар алғашқы ұпайларына ие болды. Ал біз 8 ойынның басты оқиғалары туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз.

«А» тобы. Роналду рекорд орнатқан ойын 

Алдымен «А» тобынан бастайық. Бұл топта мадридтік «Реал», париждік «ПСЖ», донецкілік «Шахтер» және «Мальме» (Швеция) клубтары бар. Топтың фавориттері айтпаса да белгілі. Түнде өткен бірінші ойында әлем жұртшылығын таңдандырған нәтиже тіркелген жоқ. Тек Криштиану Роналду мен Анхель ди Марияның гол соққандары туралы айта кетуге болады.

«Саньтяго Бернабеуде» «Реал» Украинаның «Шахтер» клубын ойсырата жеңді. Ойынның бас төрешісі хорват Бебек қонақтар қақпасына екі бірдей пенальти белгіледі. Екеуін де Роналду сәтті орындап шықты. Тіпті бір пенальти белгілеуде бас қазы қателікке де бой алдырды.

Ал кездесудің соңында португалдық шабуылшы хет-трик авторы атанды. Нәтижесінде Чемпиондар лигасының үздік сұрмергендер көшінде көш бастап қана қоймай, испандық ұжымдар қатарынан ең көп хет-трик жасаған ойыншы ретінде де рекорд тіркеді.

Ди Мария «ПСЖ» сапындағы бірінші голын соқты

Париждік «ПСЖ» өз алаңында Швецияның «Мальме» клубын еш қиындықсыз жеңді. Ал 2015/2016 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңі мен клуб сапындағы бірінші голын Анхель ди Мария соқты. Соңғы нәтижені Эдинсон Кавани тіркеді.

«В» тобы. «ПСВ» - аутсайдер емес 

Чемпиондар лигасына қайта оралған «МЮ» топтық кезеңдегі бірінші ойынын сәтсіз бастады. Эйндховенде жергілікті «ПСВ» клубына есе жіберді. Негізінен ойында алаң иелері аутсайдер саналған. Бірақ Мемфис Депайдың бұрынғы клубына соққан бірінші голы өз басымдығын сақтап қалған жоқ.

Люк Шоу ауыр жарақат алды 

Футбол қауіпсіз спорт түрі десеңіз қателесесіз. «ПСВ» мен «МЮ» ойынында манкуниандық клубтың ойыншысы Люк Шоу ауыр жарақат алды. Ашық жарақат салдарынан қорғаушының аяғы екі жерден сынған. Қазір ойыншыға барлық футболшылар қолдау білдіруде.

Юлиан Дракслер «Вольфсбургке» жеңіс сыйлады 

«Вольфсбург» жақында ғана Кевин де Брюйненің орнына Юлиан Дракслерді қатарларына қосқан болатын. Жартылай қорғаушы түнде «ЦСКА» қақпасына гол соғып, командасына алғашқы 3 ұпайын сыйлады.

«С» тобы. «Астананың» ойыны жоғары бағаланды

Қазақстандық «Астананы» көп мамандар «Бенфикадан» ойсырай ұтылады деп топшылаған еді. Алайда Станимир Стойлов жаттықтыратын клуб жоғарғы деңгейде өнер көрсете білді. Бұл туралы ресейлік басылымдар хабарлауда. Тіпті бірінші таймда тең тарқасуы талайларды таңдандырыпты.

Бұл топта «Атлетико» сырт алаңда «Галатасарайды» ұтты. Ойындағы екі голды да Антуан Гризманн соқты.

«D» тобы. «Манчестер Сити» маусымда алғаш рет жеңілді 

Чемпиондар лигасының бірінші күнінде манчестерлік клубтардың жолы болмады. «D» тобында «Манчестер Сити» өз алаңында туриндік «Ювентустан» ұтылды. Ішкі біріншілігін сәтсіз бастаған италиялық клуб Чемпиондар лигасын жеңіспен бастады.

Испандық «Севилья» өз алаңында менхенгладбахтық «Боруссияны» жеңді. Бас төреші чех Павел Кроловец қонақтар қақпасына 3 пенальти белгіледі. Унай Эмери шәкірттері оның екеуін пайдаларына жарата білді.

Бүгін түнде Чемпиондар лигасының екінші күніндегі ойындар өтеді. Назарларыңызға кездесулер кестесін ұсынамыз.

«Е» тобы

«Рома» (Италия) - «Барселона» (Испания)

«Байер» (Германия) - «БАТЭ» (Беларусь)

«F» тобы

«Динамо Загреб» (Хорватия) - «Арсенал» (Англия)

«Олимпиакос» (Грекия) - «Бавария» (Германия)

«G» тобы

«Челси» (Англия) - «Маккаби Тель-Авив» (Израиль)

«Динамо Киев» (Украина) - «Порту» (Португалия)

«Н» тобы

«Гент» (Бельгия) - «Лион» (Франция)

«Валенсия» (Испания) - «Зенит» (Ресей)

Ө. Сансызбай