Ағылшын клубтары трансфер рекордын орнатты

Ағылшын клубтары трансфер рекордын орнатты
Фото: eeveelife.eevee.co.uk

Жазғы ауысым кезеңінде (трансфер) ағылшын премьер-лигасының клубтары ойыншы сатып алу үшін 897,7 миллион фунт стерлинг жұмсап, рекорд орнатты. «Sporting Intelligence» басылымының хабарлауы бойынша,жұмсалған қаржы футбол тарихындағы рекордтық көрсеткіш саналып отыр.

Ағылшын клубтары ойыншы сатып алу үшін 897,7 миллион фунт стерлинг жұмсаса, ойыншы сатудан 416,6 миллион фунт пайда түсірген. Ең көп қаржы жұмсаған клуб - «Манчестер Сити». Мануэль Пеллегрини баптайтын команда ойыншы сатып алуда 154,2 миллион фунт стерлингке шығындалған. Ал ең көп пайда түсірген клубтар көшін «Манчестер Юнайтед» бастап тұр. «Қызыл сойқандардың» қаржы қоры 72 миллион фунт стерлингке молайған. Ал «Саутгемптон» клубы ауысым кезеңін сәтті өткізген ұжым саналып отыр. Олар ойыншы сатып алуға 41,7 миллион фунт стерлинг жұмсаса, сатудан 38,5 миллион пайда түсірген.

Еуропаның басты бес біріншігі ішінде ағылшын премьер-лигасының клубтары екі есе көп қаржы жұмсаған. Мәселен, Италияның «А» сериясындағы клубтардың барлығы 450 миллион фунт стерлинг жұмсаса, ла-лигадағы клубтар – 400 миллион, бундеслига – 290 миллион, Франция біріншілігінің клубтары 220 миллион фунт стерлинг шығындаған.  

Ө. Сансызбай