Еуропаның үздігі атануға үмітті 10 футболшы

Еуропаның үздігі атануға үмітті 10 футболшы
Фото: eurosport.ru

Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) 2014/2015 маусымдағы Еуропаның ең үздік ойыншысы марапатына үміткер 10 футболшының тізімін жариялады. Тізім қауымдастық құрамына кіретін тілшілердің дауыс беру нәтижесінде түзілген.

Еуропаның үздік футболшысына үміткерлер саны бойынша биылғы Чемпиондар лигасының финалына шыққан «Ювентус» көш бастап тұр. Туриндік клуб сапынан 5 бірдей ойыншы бұл марапаттан үмітті. Олар: Джанлуиджи Буффон («Ювентус», Италия), Артуро Видаль («Ювентус», Чили), Андреа Пирло («Ювентус» - «Нью-Йорк Сити», Италия), Поль Погба («Ювентус», Франция) және Карлос Тевес («Ювентус», Аргентина). Каталондық «Барселона» сапынан Лионель Месси, Луис Суарес пен Неймар енген. Мадридтік «Реал» қатарынан жалғыз Криштиану Роналду ғана үмітті болса, ағылшын біріншілігінен Эден Азар («Челси) ғана бар.

12 тамыз күні аталған 10 футболшының ішінен басты үміткер үздік 3 ойыншының аты белгілі болады. Ал Еуропаның үздік футболшысының есімі 28 тамызда Монакода өтетін Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жеребе тастау рәсімінде аталады.

Естеріңізде болса, Еуропаның үздік футболшысы марапаты 2011 жылдан бастап табысталып келеді. Сол жылы бұл атақты Лионель Месси иеленсе, 2012 жылы оның командаласы Андреас Иньеста жеңіп алған-ды. 2013 жылы – Франк Рибери, 2014 жылы – Криштиану Роналду иеленген. 

Ө. Сансызбай