«Барселона» командасы келісілген ойын өткізді деп күдікке алынды

«Барселона» командасы келісілген ойын өткізді деп күдікке алынды
Фото: eurosport.ru

Каталондық «Барселонаның» ла-лиганың соңғы турында өткізген ойыны спорт бақылаушыларының күдігін тудырып отыр. Себебі тең есеп тіркелген сол ойыннан кейін «Депортиво» ішкі біріншілікте қалу мүмкіндігін сақтап қалған болатын.

Ойында екі доп басымдығымен жеңіске жетіп тұрған «блауграна» бар-жоғы 10 минуттың ішінде қақпаларына екі гол өткізіп алған болатын. Ойын сәттерінің бірінде қонақ команда қорғаушысы Лопоның «Барселона» капитаны Хавимен тілдескен сәті күдік тудырып отыр. Ол қарсыластарынан қатты ойнамауды өтінген көрінеді.

Айта кетейік, «Депортиво» Каталониядан бір ұпай еншілеп қайтқаннан кейін ла-лигада қалу мүмкіндігін сақтаса, «Эйбар» төменгі дивизионға түскен-ді. Десе 2014/2015 жылғы маусымды 13-ші орынмен аяқтаған «Эльче» қаржы дағдарысына байланысты өз орнын «Эйбарға» босатты. 

Ө. Сансызбай