Роналдиньо ескі «қулығын» Мексикада іске асыра алмады (видео)

Роналдиньо ескі «қулығын» Мексикада іске асыра алмады (видео)
Фото: aztecadeportes.com

Мексиканың «Керетаро» клубында бақ сынап жүрген әйгілі бразилиялық шабуылшы Роналдиньо «Барселонада» жүргенде соққан ерекше голын қайталады. Бірақ мексикалық бас қазы голды есептемей, футболшыны жазалады.

Қақпашының допты ойынға қосуын күткен Роналдиньо асқан қулықпен шапшаң қимылдап допты қақпаға тоғытады. Бірақ төреші голды есептемей, шабуылшыны сары қағазбен жазалады. Ал бразилиялық ойыншы каталондық клубта ойнап жүргенде дәл осындай әдіспен «Сельта» қақпасына гол соққан болатын. Ол кезде төреші Ронидің голын есепке алған еді.

Айта кетейік, Роналдиньо өнер көрсететін «Керетаро» кеше өз алаңында «Сантос Лагунадан» 3:0 есебімен басым түскенмен, қос ойын қорытындысы бойынша 3:5 есебімен ұтылып, чемпиондық атақты иелене алмады. Десе де клуб 65 жылдық тарихында алғаш рет КОНКАКАФ кубогы ойындарына қатысуға жолдама алды.

Ө. Сансызбай