Португалиялық футболшы Қазақстанда өткізген "қорқынышты күндері" туралы айтты

Португалиялық футболшы Қазақстанда өткізген "қорқынышты күндері" туралы айтты

2013 жылы "Тараз" клубында ойнаған португалиялық футболшы Мануэль Курто Қазақстанда өткізген қорқынышты күндері туралы әңгімеледі. Бұл туралы Nur.kz Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. Sports.kz журналистері Relato.pt сайтына сілтеме жасаған.

Бүгінде бельгиялық "Льерс" клубының намысын қорғайтын Мануэль Қазақстанға амалдың жоқтығынан барғанын айтады.

"Алдымен "Навал", кейін "Лейрия" клубтарында жалақымды бермеген соң Қазақстанға баруға келістім. Қазақстан мен үшін мүлде белгісіз, тіпті, қорқынышты ел болды. Алайда, баруға тура келді. Алдымен біз Антальяда оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Бұл кездер керемет болатын. Себебі, Анталья – жанға жайлы қала", - дейді Курто.

Кейін чемпионат басталарда Тараз қаласына келген ол өз көзіне өзі сенбеген.

"Мен ол жерге барғанымда өз көзіме өзім сенбедім. Португалиямен арасы жер мен көктей. Бірақ, әрине, Қазақстанда қаржы жағынан барлығы да өте жақсы еді. Сондықтан, өз міндетімді атқаруға кірістім", - деген португалиялық футболшы Қазақстанда өзін шошытқан жайттармен бөлісті.


"Менің Қазақстан туралы айтқандарым өте күлкілі көрінетін шығар. Бірақ, бұл – рас. Бірде мен ауырып қалып, клуб дәрігеріне бардым. Сол кезде маған не дегенін білесіз бе? Алдымен, мен мүлде білмейтін дәріні жазып берді. Кейін маған иттің етін жеуге кеңес берді. Мен "иттің еті ме?" деп он қайтара сұраған шығармын. Ол басын изеп, шығарып салды", - дейді Мануэль Курто.

Сонымен қатар, футболшы Қазақстанда ұшаққа мінуге қатты қорыққанын айтады.

"Клубтың 30 адамға арналған шағын ұшағы болды. Сол ұшаққа мінген сайын мен тәңірге жалбарынып отырдым. Қасыңдағы адамның сөзін есту мүлде мүмкін емес. Бірде командаластарым әуежай жабық болғандықтан, ұшақтың далаға қонатынын айтты. Мен алғашында сенбегенмін, бірақ, ұшақ расымен де сиыр мен қойлар жайылып жүрген далалық жерге қонды. Бұл мен үшін үлкен қорқыныш болды", - деп аяқтады сөзін португалдық ойыншы.

сурет: userapi.com

Е. Қайрахан