Қазақстандық автошабандоз Боливия президентімен селфи жасады

Қазақстандық автошабандоз Боливия президентімен селфи жасады

«Дакар 2015» көпкүндігіне қатысып жатқан қазақстандық автошабандоз Айдын Рахымбаев Боливия елінің президенті Эво Моралеспен селфиге түсті. Спортшының айтуынша, боливиялықтар жарысқа қатысушыларды зор қошеметпен қарсы алған.

- Бүгін тұғырдан түскен сәтімде қызықты жағдай орын алды. Көп халықтың ортасынан Боливия президентін байқадым. Онымен суретке түсуге мүмкіндік іздедім. Сәті түскенде ым-ишара арқылы Эво Моралестен суретке түсу ұсынысын жасадым. Ол да көңілді адам екен. Келісімін берді. Мен оған, ол маған қарай жүріп, қол алысып амандастық. Соңынан қалың көпшіліктің қолдауымен селфи жасадық, - деді отандасымыз ресейлік тілшіге берген сұқбатында.

Айдын Рахымбаев Боливия президентімен селфи жасағаннан кейін, өзге де автошабандоздардың естелікке суретке түскісі келіпті. Бірақ, жүректері дауаламаған көрінеді.

Айта кетейік, жол талғамайтын көліктер арасында Айдын Рахымбаев экипажы сәтті өнер көрсетуде. Чили мен Боливия елдерінің жерінде өткен соңғы кезеңде 12-ші орыннан көрінді. Жарыс кезеңдері алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.  

Сурет: bi-group.kz, auto.nur.kz

Ө. Сансызбай