Сәбина Алтынбекова Ice Bucket Challenge акциясына қатысты

Сәбина Алтынбекова Ice Bucket Challenge акциясына қатысты

Қазақстандық танымал волейболшы Сәбина Алтынбекова Ice Bucket Challenge акциясы аясында үстіне мұздай су құйып, эстафетаны мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге, актер Асылхан Төлеповке және әнші Айқынға табыстады.

«Іce bucket challenge» қайырымдылық флешмобы тамыз айының 1-ші жұлдызында АҚШ-та бастау алды. Бірнеше күннен бері бұл флешмобқа миллиондаған адам қатысып үлгерді. Ұйымдастырушылар бұл арқылы айықпас амиотрофикалық склероз ауруына шалдыққан жандарға қайырымдылық көмек жасамақ. Флешмоб талабы бойынша, үстіне су құйған адам келесі үш адамның атын атауы керек. Ал егер есімі аталғандар бұдан бас тартса, 100 доллар (АҚШ) көлемінде қаражатты аталған ауруды зерттеу қорына аударуы тиіс.

Қазірдің өзінде флешмобқа әлемдегі белгілі актерлер, саясаткерлер, әнші, спортшылар қатысуда. Америкадан басталған бұл шара біздің елімізге келіп жетіп, бірнеше қазақстандық футболшылар да белсенділік танытып үлгерді.

Естеріңізге сала кетсек, он жеті жастағы волейболшы Сәбина Алтынбекова 19 жасқа дейінгі қыздар арасында өткен Азия біріншілігінен кейін таныла түскен болатын. Өзінің әдемілігімен жанкүйерлердің ықыласына бөленген спортшы аз ғана уақыттың ішінде жұлдызға айналып үлгерді.

Сәбина эстафетаны мәнерлеп сырғанаудан Сочи ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тенге, «Жау жүрек мың бала» киносы арқылы танылған актер Асылхан Төлеповке және танымал әнші Айқынға табыстады.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: gazeta.ru

Н. Айдархан