"Рединг" командасы 300 теңгеге сатылғалы жатыр

"Рединг" командасы 300 теңгеге сатылғалы жатыр

Ресейлік кәсіпкер Антон Зингаревич "Рединг" футбол командасының барлық акцияларын сатылымға қойды. Бұл туралы "The Reading Chronicle" басылымы хабарлап отыр.

Ресейлік жеке кәсіпкер Антон Зингаревич "Рединг" командасының барлық акцияларын небары бір фунт стерлингке (шамамен 307 теңге) бағалап отыр. Осыншама арзан болуының да өзіндік себебі бар. Өйткені, команданың 38 миллион фунт стерлинг қарызы бар екен. Шарт бойынша, мұндай су тегін бағаға сатып алған адам барлық қарыздарын өз мойнына алып, түгелдей өтеуі керек.

Cапында ресейлік шабуылшы Павел Погребняк ойнайтын "Рединг" командасы, бүгінде Англия чемпионатының екінші дивизионында өнер көрсетуде. Сонау 1871 жылы құрылған команданы 2012 жылы Антон Зингаревич сатып алған кезде премьер-лигада бақ сынап, жақсы өнер көрсетіп жүрген болатын. Алайда, екі жыл бойы сәтсіздіктен көз ашпаған команда 2013/2014 жылғы маусымда Англия премьер-лигасында ойнау құқығынан тағы да айырылды. Осы себепті де Зингаревич команданың барлық акцияларын сатылымға қоюға бел буыпты.

Команданы су тегін бағаға сатып алуға израильдік миллиардер Тедди Саги және үндістандық кәсіпкер Мохит Бурман қызығушылық танытып отыр.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: sports.ru

Н. Айдархан