«Қайрат» қорғаушысы әлемдегі бойы ұзын футболшылардың қатарында

«Қайрат» қорғаушысы әлемдегі бойы ұзын футболшылардың қатарында

Футболдан Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін, алматылық «Қайрат» клубының қорғаушысы Жарко Маркович әлемдегі бойы ұзын футболшылардың «үздік бестігіне» кіреді.

Сербиялық легионеріміздің бойы 204 сантиметр. Әлемде Жаркодан ұзын тек үш қана футболшы бар. Олар: «Генк» клубының қақпашысы бельгиялық Кристоф ван Хаут (208 см), «Мейчжу Кей» клубының шабуылшысы қытайлық Янг Чангпенг (206 см) және «Элякзиспор» клубының қақпашысы хорватиялық Ваня Ивеша (205 см).

Сондай-ақ, тағы бір бойы ұзын футболшымыз 27 жастағы қақпашы Денис Төлебаев «Астана» клубында өнер көрсетеді. Оның бойы 203 сантиметр. Ол осы рейтингтің «үздік ондығына» кіреді. Айта кететін жәйт, мұндай «гиганттар» тізіміне қарағандылық «Шахтер» клубының қақпашысы Валерий Фомичевті де кіргізуге болады (202 см).

Тағы бір статистикалық мәлімет бойынша, ҚПЛ-дағы ауыр салмақтылар арасында Жарко Маркович 1-орында тұр. Сербтың салмағы 102 кг. Қазіргі таңда, әлемнің ең семіз футболшысы «Барон» лақап атымен танымал румындық Даниэль Бадислав. «Чиорагория» клубының қақпашысының салмағы 130 кг, бойы 173 см.

Ал әлемдік футболдағы ең танымал семіз футболшы - 1894-1905 жылдар арасында «Шефилд Юнайтед» клубының қақпашысы болған, «Пышка» лақап атымен танымал ағылшындық Уильям Фолк. Оның бойы 193 см, салмағы 150 кг болған. Ол өзінің семіздігіне қарамай команданың негізгі құрамында өнер көрсетіп, ағылшын премьер-лигасының екі дүркін чемпионы атанған.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: vesti.kz

Н. Айдархан