Жолдастық кездесулердегі "жұлдыздар"

Жолдастық кездесулердегі "жұлдыздар"

Кеше әлемнің түкпір-түкпірінде ұлттық құрамалар жолдастық кездесулер өткізді. Назарларыңызға сол кездесулердегі қызықты ақпараттарды ұсынамыз.

Оңтүстік Африка - Бразилия


Бұл кездесу қызықты сәттерімен жанкүйерлер есінде қалды. Алғашқы таймда сары жейделерімен өнер көрсеткен қонақтар екінші таймды көк жейдемен бастады. Каталондық "Барселонаның" ойыншысы Неймар хет-трик жасап,  ұлттық құрама сапындағы 30-шы голын соқты. Нәтижесінде Каканы басып озды. Ал бес дүркін Әлем чемпиондарының үздік сұрмергені Пеле болып саналады. Оның еншісінде 77 гол бар. 

Ойын аяқталған сәтте Йоханнесбургтегі жасыл алаңға кішкентай бала шығып, бразилиялық "жұлдыздармен" сәлемдеспек болып, өзі де "жұлдыз" болып шыға келді. Ал алаңдағы жанкүйерлер футболшылардың қылығына дән риза болып тарасқан. Қорытындысында есеп 0:5 есебімен қонақтар пайдасына шешілді.

Испания - Италия

Қос құрама да жасыл алаңға Бразилия жерінде өтетін Әлем чемпионатында киетін жаңа жейделерімен алаңда өнер көрсетті. Ал осыған дейін Бразилия немесе Испания құрамаларының бірін таңдағалы жүрген Диего Коста көпшілік көкейінде жүрген сауалға нүкте қойды. Ол Италияға қарсы кездесудің алғашқы минуттарынан алаңға шығып, бірінші кездесуін өткізді. Нәтижесінде Испания құрамасы 63 минутта Педроның соққан голының арқасында жеңіске жетті.

Англия - Дания

Ағылшын құрамасының сапында бес бірдей "Ливерпуль" командасының ойыншысы өнер көрсетті. Мұндай жағдай Англия футболы тарихында 37 жыл бұрын орын алған екен. Негізгі құрамда ливерпульдік команда қатарынан Стивен Джерард, Даниэль Старридж, Глен Джонсон, Джордан Хендерсон және Рахим Стерлинг алаңға шықты. Ал жеңіс голын Даниэль Старридж соқты. Ал Рахим Стерлинг кездесудің үздік ойыншысы атанды.

Португалия - Камерун

Португалия құрамасы Камерунды 5:1 есебімен ойсырата жеңді. Мадридтік "Реалдың" шабуылшысы Криштиану Роналду дубль авторы атанып, 49-шы голын соқты. Осылайша осыған дейін 47 голмен иық тірестіріп келе жатқан Педру Паулета көрсеткішін басып озып, ұлттық құрама тарихындағы үздік сұрмерген атанып отыр. 

Төртінші голдың авторы - Эдиньюдың допты тамаша қабылдаған сәті

Германия - Чили

Соңғы кездесулерін Чили құрамасы сәтті өткізіп жүр. Десе де кеше неміс машинасын тоқтата алмады. Кездесудегі жеңіс голын Марио Гетце соқты.

Румыния - Аргентина


Лионель Месси бастаған жігіттер румын құрамасын жеңе алмады. Ойынның бастапқы минуттарында каталондық команданың көшбасшысының жүрегі айныған көрінеді. Ал Мессидің өзі мұндай жағдайдың осымен бірнеше рет қайталанып отырғанын мәлімдепті. Сонымен қатар аргентиналық футболшыларға алаңның сапасы ұнамапты.

Гибралтар - Эстония


Эстония құрамасы УЕФА құрамына жақында қабылданған Гибралтар құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, аталған қауымдастық құрамындағы барлық ұлттық құрамалармен кездесу өткізген ұжым ретінде рекорд тіркеді. Ал ойын да 0:2 есебімен өз пайдаларына шешілді.

Косово - Гаити


Косово ұлттық құрамасы өз тарихтарында алғашқы жолдастық кездесуін өткізді. Гаити құрамасына қарсы кездесуде есеп ашылмады.

Өзге жолдастық кездесулер нәтижелері:

Литва - Қазақстан 1:1

Франция - Нидерланды 2:0

Ресей - Армения 2:0

Түркия - Швеция 2:1

Австрия  - Уругвай 1:1

Украина - АҚШ 2:0

Колумбия - Тунис 1:1

Швейцария - Хорватия 2:2

Бельгия - Кот'д Ивуар 2:2

Ирландия - Сербия 1-2

Польша - Шотландия 0:1

Мексика - Нигерия 0:0

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай