Ең жылдам конькилердің өкшесі неге өзгеше?

Ең жылдам конькилердің өкшесі неге өзгеше?

Олимпиада ойынын көріп жүрген оқырмандарымыз коньки спорттық аяқ киімінің түрлері туралы мәлімет беруімізді өтініп, хат жолдапты. Мәселен: "Жылдамдыққа жүгіретін конькишілердің аяқ киімдері неге салақтап түсіп тұрады?", - дейді.

Massaget.kz өз кезегінде сұраққа толығырақ жауап беруді көздеп, коньки атаулының қалай шыққаны мен оның түрлері жайында материал ұсынады.

Адамның байырғы заманнан бері-ақ көлік түрлеріне қызығушылық танытқаны баршамызға белгілі. Мәселен, көлік ретінде ат, бұқа, шана, арба сияқты транспорт түрлері кеңінен қолданылған, қолданылып та жүр. Сонымен қатар қыста аяққа қатты заттан жасалған құрал байлап сырғанау немеме секіру де қалыс қалмаған екен. Мына қызықты қараңыз, сүйектен жасалған ежелгі конькилер Украинаның оңтүстік аймағында табылған екен. Киммерлер тайпасының коньки тебу үшін қолдарына ағаш та ұстап жүргендігі белгілі болған.

Конькилер басқа да елді-мекендерден қазба жұмыстары кезінде табылыпты. Қытайлар бамбук ағашын аяғына киіп сырғанауды біліпті. Ал Ресейдің солтүстік бөлігіндегі қалаларда (Новгород, Ескі Русь, ежелгі Ладога) аяқ киімге қағылып киілген сүйек құралдар табылыпты.

Италиялық зерттеуші Федерико Ферменти мен Альберто Минеттидің пікірінше, осыдан 3000 жыл бұрын солтүстік Финляндия тұрғындары конькиді көлік құралы ретінде пайдаланған. Ғалымдар бұл теориясын 2008 жылы  Biological Journal of the Linnean Society of London журналында жариялапты.

XVII ғасырда коньки Нидерланды елінде қолданылыпты.

Голландықтардың қазірге дейін коньки тебу спортында кереметтей жетістіктерге жетіп жүргенін елдегі мұз айдындарына айналған өзендердің көптігімен түсіндірсек те жетіп жатыр.

Үлкен Питер Брейгель. Антверпендегі Әулие Георгия қақпасының алдында коньки тебу

Коньки тебудің ертеден-ақ көпшіліктің айналысар сүйікті ісіне айналғанын Үлкен Питер Брейгельдің Антверпендегі Әулие Георгия қақпасының алдында коньки тебуін бейнелеген суретімен дәлелдеуге болады.

Ал кіші Питер Брейгель «Қысты күні коньки тебу» атты сурет салады. Коньки тебу дәстүрінің сол кезден бастау алғанының тағы бір куәсі - жазушы Мери Мейпс Додждың «Күміс коньки» («Серебряные коньки») романында осы туралы жазғаны.

XIX ғасырда Америкада темірден жасалған коньки танымал бола бастайды. Ал 1892 жылы Схевенингенде (Нидерланды) Конькишілердің Халықаралық одағы құрылады.

XX ғасырдың екінші жартысында шорт-трек деген спорт түрі пайда болып, 1980 жылдан бастап жанданады.

Коньки тебуден ең бірінші жарыс 1893 жылы Амстердамда өтеді.

 

Енді конькилердің түріне өтейік:

Мәнерлеп сырғанауға арналған конькилер. Негізгі ерекшелігі - бойы доңғалана келген, алдында арнайы тоқтауға және қиын жаттығулар жасауға арналған тістері бар.

Хоккейге арналған конькилер. Бұл конькидің бір ерекшелігі оның жүзін ауыстыруға болады, яғни жүзі алынып-салынады. Ол никельден немесе хромнан құйылады. Бұлардың ішінде де қақпашы мен қатардағы ойыншының конькиі деп тағы екіге бөлінеді.

Серуендеуге арналған конькилер. Бұл да жоғарыдағы коньки түрлеріне жататын спорттық аяқ киім. Ерекшелігі – олар кәсіби спорттық болмағандықтан жұмсақ әрі ыңғайлы (жайлы) болады. Ер адамдарға арналған конькилер хоккейге арналған конькиге ұқсаса, ал қыз балаларға арналғандары мәнерлеп сырғанау спортына киетін конькиге көбірек келеді.

Жарыс спортында қолданылатын конькилер. Аласа аяқ киім мен оған алынып-салынатын өте жұқа ұстара жүздері бар. Бұлардың алды аяқ киімге нақты бекітіледі де, өкше тұсына қарай бекітілмей, ажырап тұрады. Өзге конькилерге қарағанда біршама ұзындығымен ерекшеленеді. Мұндай конькидің атауы – клап (clap skate). Бұл жүйе спортшының орнынан барынша жылдам қозғалуға мүмкіндік береді. Ал неліктен басқа жаққа қисайып кетпейді дегенге келсек, оларда аяқ киім өкшесі мен ұстараны қадам басып ажыратқан сайын біріктіріп отыратын серіппесі бар. Сондықтан да спортшы өкшесін жерге нық баса алады. Конькидің мұндай алынып-салынатын түрі 90-жылдардың ортасына таман қолданылады бастаған екен.

Шорт-трекке арналған конькилер. Жоғарыда жазылған клаптарға қарағанда, бұл конькилердің ерекшелігі – аяқ киімге өкшесі бекітілген болып келеді. Бұл спорттық құрал көбінде үлкен жылдамдықта келе жатып бұрылыс жасауға, қауіпті әрекеттер жасауға арнайы ыңғайланып жасалған. Оның үстіне ұстарасы сәл-пәл қисайып келген.

Туризмге арналған конькилер. Еуропаның солтүстік елдерінде кең қолданысқа енген спорттық инвентарь. Бұл конькиді шаңғыға арналған аяқ киімге орнатып тағады. Осы себепті, турист керек кезінде коньки немесе шаңғы етіп ауыстырып ала алады.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Деректер gazeta.ru және wikipedia.org сайттарынан алынды

Сурет: gazeta.ru

А. Құлтай