Футбол стадиондары жайлы 5 жаңалық

Футбол стадиондары жайлы 5 жаңалық

Қазіргі заман өз заңымен жүруге мәжбүрлеуде, футболдық клубтар жоғары деңгейлі футболшыларды сатып алумен шектеліп қалмай, өздерінің стадиондарын одан сайын жақсартып, көріктендіруде.

Назарларыңызға спорт ғимараттарының 5 жаңалығын ұсынамыз.

Кондиционерлер

Орналасқан жері: Катар, ӘЧ-2022

2022 жылы Катарда әлем чемпионаты өтеді. Және осы елдегі ыстық климатқа байланысты (жаз мезгілінде температура 50 градусқа жетеді екен), қатысушы командаларды қабылдайтын барлық стадиондар футбол матчының барлық қатысушыларына жайлы болу үшін кондиционерлермен жабдықталатын болады.

Құбылмалы стадион

Орналасқан жері: «Альянс-арена», Мюнхен

Мюнхендегі стадион ең әдемі және ерекше футбол ғимараттарының бірі деуге әбден лайық. Херцог пен де Миеронның жобасы ерекше көріністен бөлек бірегей жарықтандырылуға ие – алаңда қай команданың ойнап жатқанына байланысты (мюнхендік «Бавария» кездесу өткізіп жатқан кезде «Альянс-Арена» қызыл түске, «Мюнхен 1860» ойнағанда – көк түске, Германия құрамасы болса – ақ түске боялады) стадион арнайы шамдардың арқасында көптеген түстермен жарықтандырылады.  

«Толы стадион эффектісі»

Орналасқан жері: «Рубинның» жаңа стадионы, Қазан

Қазандық «Рубинның» жаңа стадионында «толы стадион эффектісі» қолданылады – аренадағы барлық орындықтар белгілі бір түстік гаммаға сәйкес жасалады және футболды теледидардан көрген жағдайда стадион жанкүйерге толы иллюзиясын тудыру мақсатында орналасады. Айта кетсек, жаңа стадиондағы бірінші матч 2013 жылдың қараша айына белгіленген.

Газды жылытқыштар

Орналасқан жері: «Донбасс Арена», Донецк.

2011 жылы «Шахтер» клубының иесі Ринат Ахметов донецк клубының жанкүйерлеріне сый жасамақ оймен стадионға газ жанарғыларын орнату шешімін қабылдайды. Олардың мақсаты - суық күндері жанкүйерлерді жылытып тұру.  Қазіргі таңда «Донбасс Арена» күмбезі астында әрқайсысы 275 данадан болатын екі айналдырылған жылытқыш орнатылған.

Жылжымалы алаң

Орналасқан жері: «Зениттың» жаңа стадионы, Санкт-Петербург.

Питерлік «Зениттің» жаңа стадионында жылжымалы футбол алаңы эксплуатацияға берілетін болады. Жобалаушылардың ойынша, аталған шара алаңның жылдам әрі қатты тозбауының алдын алуы қажет.

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: sovsport.ru, sports.ru

Ж. FM