Гвардиоланы не күтіп тұр?

Гвардиоланы не күтіп тұр?

Хосеп Гвардиоланы жаңа маусымда не күтіп тұр? "Боруссия" жаңа маусымға дайын ба? Клопптың аяқалысы қандай болмақ? 

Мюнхендік "Бавария", үлкен қуанышқа орай, "Боруссияға" есе жіберіп, Суперкубок жолында ойсырай жеңілді. Үлкен қуаныш деп отырғанымыз, неміс бундеслигасының жаңа маусымдағы қызыққа толы тартысы белгілі болып қалды. Үлкен қуаныш та емес шығар, әрине, ("Баварияның" жанкүйерлеріне көңіл білдіре кетсек) бірақ, бұл жылы бір чемпион, бір ғана "неміс машинасының" мерейі үстем болып тұрмасы анық айқындалды. Қалай ойлайсыз, бапкерлік тізгінді қолға алған 42 жастағы испандық маманды (Гвардиоланы айтам) жаңа маусымда не күтеді?

Көрді, білді, тоқыды. "Боруссияның" оңай шағылар жаңғақ емесін тануға мүмкіндік туды. Клопп бастаған тәлімгерлер осы қарқынынан таймаса, чемпиондық  тәжді иемденуге басты үміткер екенін білді. Егер, (осы сөзді осынысы үшін жақсы көрем) егер мюнхендік "жеңіс машинасы" шын тәртіптің құлы болған жағдайда жеңіске жететінін аңғарды. Ол үшін, бірінші кезекте, ішкі тәртіп басты орынға қойылуы тиіс. Екінші кезекте, шабуыл мен қорғаныстың мықты байланысы түзілгені дұрыс. Одан арғысы бола жатар...

Неміс бундеслигасы - тартысты өтетін чемпионаттардың бірі. Ағылшын біріншілігіне жете қоймаса да, мұнда да аз талас орнамасы анық. Дәстүрлі неміс футболы қаталдығымен, ойын тәртібімен, нақтылығымен айрықшаланады. Ең осал делінген командалар да сан-соқтырып кетуі ғажап емес.

"Боруссия" жаңа маусымға дайын ба? Бүгінгінің "романтиктері" бар біліктерінен жаңылмай, орталық қорғанысты мықтап түзегендері дұрыс. Негізгі құрамның ойыншылары жарақат алып қалып жатпаса, былайынша осы бір ойын фиолософиясы тағы да өз жемісін бере бермек. Басты қарсыластық бұл жолы да мюнхендіктер тарапынан болмақ. Кіл жұлдыздан құрылған таңдаулы ұжымға бәрінің бірдей тісі бата бермес.

Гвардиола мен Клопп та әлемдік таңдаулы бапкерлердің санатынан. Қос жаттықтырушы мақтаудың өзі артық болар. Бірі - классикалық стилдегі қулығы басым, бағдары айқын, өз философиясынан таймайтын испан болса, екіншісі - еркін стилде киінетін ұшқыр ойлы, терең ойлы, құрылымдаушы (жасақтаушы) неміс.

Клопп қай жолғыдай жылдам ойыншыларға арқа сүйесе, керісінше, Пеп доп ұстау көрсеткіші мен алаңдағы басымдылықты басты назарға алмақ. Екі жақтың да арқа сүйейтін ойыншылары бар. Бір ғана назарға алатыны, баварлық клубтың сапы кіл ығай мен сығайдан құралған. 

Автор: Фараби Арыстанбек

Cурет: sports.ru, vk.com

Л. Лига