"Барселонаның" бас бапкері кім болады?

"Барселонаның" бас бапкері кім болады?

Атақты каталондық клуб «Барселонаның» бас бапкері Тито Виланова денсаулығына байланысты қызметінен босатылған-ды. Бұл туралы клуб президенті Сандро Росель мен спорттық директоры Андони Субисаретта жұма күні хабарлаған. Енді каталондық клуб тізгінін кім ұстамақ?

43 жастағы испандық маман  «Барселонаның» тізгінін 2012 жылдың жаз мезгілінде қолға алған. Хосеп Гвардиоланың орнына келген бапкер 2012 жылдың желтоқсан айында ауыр операция жасатып, Нью-Йорк қаласында емделген болатын. Бұл оның бір жылдағы екінші отасы еді. Енді Тито бапкердің денсаулығы тағы да сыр беріп, қызметімен қош айтысуға тура келді. Әзірге команда тізгінін Жоан Франсеск Феррер Руби ұстайтын болады.

Каталондық клуб жақын күндері бас бапкер іздейтіні мәлім. Соңғы деректер бойынша 35 жасар португалдық маман Андре Виллаш-Боаш команданың бас бапкері қызметіне тағайындалуы мүмкін деген де пікірлер айтылуда. Бұл туралы AS басылымы хабарлап отыр. Сонымен қатар команда жанкүйерлері биыл "Бавариямен" бірге чемпиондар лигасын жеңіп алған Юпп Хайнкестің бас бапкер болғанын қалайтынын жасырмады. 68 жасар неміс маманына жанкүйерлердің 37 пайызы дауыс беріпті. Екінші орында жанкүйерлердің 22 пайыз дауысын жинаған "Атлетиктың" бас бапкері Марсело Бьельса келеді. Ал қазіргі "Сельтаның" жаттықтырушысы Луис Энрике  12 пайыз дауыс жинап үміткерлер қатарын толықтырып тұр.

сурет: sport-xl.net

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Ө. Сансызбай