Чемпиондар лигасы. «Шахтер» «Батэны» тізе бүктірді

Чемпиондар лигасы. «Шахтер» «Батэны» тізе бүктірді

Чемпиондар лигасында еліміздің намысын қорғайтын қарағандылық «Шахтер» командасы алғашқы кездесуін жеңіспен бастады. Кәрі құрлыққа танымал беларустық «Батэны» жеңген Виктор Кумыков шәкірттері нағыз сенсация жасады. Шын мәнінде қос команда арасындағы ойынға көптеген букмекерлік орталықтар беларустық команданың жеңісіне шүбә келтірмеген-ді. Алайда «кеншілер» командасы тек жеңіске лайық ойын өрнегін көрсетті.

«Батэ» командасы азулы қарсылас екенін есте ұстаған қарағандылық команда алаңға бес қорғаушы, екі жартылай қорғаушы және үш бірдей шабуылшымен шықты. Алғашқы минуттардан-ақ беларустық команда басымдығын байқатқысы келген-ді. Бірінші қауіпті сәт ойынның 14 минутында орын алды. Қарсылас команданың сұрмергені Виталий Родионовтың соққысын Александр Мокин тамаша қайтара білді. Ал бірінші таймның соңғы минутында Александар Мокин «Шахтер» қақпасын тағы голдан құтқарып қалды.

                                                   

Екінші тайм басталар тұста беларустық команда сапынан ойыншы алмасты. Кезінде Еуропаның азулы ұжымдарының сапында өнер көрсеткен Александр Глебтың орнына Максим Володко кірді. Ойын басталысымен қарсылас команда бапкерінің қателігі байқалып-ақ тұрды. Осындай оңтайлы сәтті пайдаланған «Шахтер» командасы есеп ашты. Сергей Хижниченконың бағыттаған соққысы «Батэ» қақпасында тулады. Осы голдан кейін Виктор Кумыков өз шәкірттеріне қорғанысты басты назарда ұстауды тапсырғандай болды. «Кеншілер» командасы сауатты қорғана білді және осы есеп еліміздің чемпиондарына жеңіс сыйлады. Енді қос команда арасындағы қарымта кездесу 23 шілде күні Қарағанды қаласында өтеді.

                                                   

Естеріңізде болса, «Шахтер» командасы чемпиондар лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастаған-ды. Сонымен қатар биыл еурокубок жолында еліміздің атынан сынға түсіп жатқан командалар сапынан «Астана» командасы ғана жарыс жолын ерте аяқтаған болатын. Еуропа лигасының екінші кезеңіне өткен «Ертіс» пен «Ақтөбе» 18 шілде күні жарыс жолына шығады. Керекулік команда өз алаңында босниялық «Широки бриег» клубын қабылдаса, «Ақтөбе» қонақта норвегиялық «Хеддпен» күш сынасады.

"БАТЭ" (Борисов, Беларусия) — "Шахтер" (Қарағанды, Қазақстан) 0:1 (0:0) 
Гол: Хижниченко 48 (0:1)
Ескертулер: М. Володько 61, Родионов 88 — Симчевич 46, Порываев 79
БАТЭ: Горбунов, Гайдучек, Юревич, Филипенко, Поляков, Алексиевич (Кривец 60), Глеб (М. Володько 46), Павлов, Сиваков, Нехайчик (Концевой 76), Родионов
Шахтер: Мокин, Василевич, Порываев, Джидич, Малый (Тарасов 76), Симчевич, Вичюс, Каньяс, Финонченко, Зенькович (Муртазаев 74), Хижниченко
Бас төреші: Джон Битон (Шотландия)
16 шілде. Борисов. Городской.

                                                     

суреттер: kff.kz

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Ө. Сансызбай