Осы сағаттарда Кавани "ПСЖ"-ның жейдесін кимек

Осы сағаттарда Кавани "ПСЖ"-ның жейдесін кимек

"Наполидің" уругвайлық шабуылшысы Эдинсон Кавани жақын сағаттарда париждік «ПСЖ» клубының жейдесін кимек. 

Францияның L’Eqiupe басылымы хабарлауынша, осы күні ауысымның мән-жайы белгілі болмақ. Кавани француз клубымен жылына 10 миллиондық табыспен 5 жылдық келісімге отыратын болады. 

Ал «Наполиге» ойыншыны сатуда 64 миллион еуро түспек (қосымша сыйақыны есептегенде). 

Өткен маусымда Кавани Италияның А сериясында 29 доппен ең үздік мерген атанған еді. 

Сезар «Наполидың» қақпасын қорғамақ


Бразилия құрамасы мен лондондық «Куинз Парк Рейнджерстің» қақпашысы Жулио Сезар итальяндық «Наполидың» қақпасын қорғайтын болады. 

Жалға алынған қақпашы жақын күндері Неапольге ат басын бұрып, медициналық тексерістен өтеді екен. Бұл туралы Mediaset хабарлайды. 

Естеріңізде болса, өткен маусымның қорытындысы бойынша "КПР" ағылшын біріншілігінен ұшып кетті. Соған байланысты, ертеректе команда жаттықтырушысы Харри Реднапп бразилиялық ойыншының әлеуетті клубқа ауысуға ниет білдіріп жатса, түсінікпен қарайтынын жеткізген еді. 

Руни "Челсиге" 90 млн фунтқа түсуі мүмкін


Уэйн Руни "Манчестер Юнайтед" сапынан "Челсиге" ауыса қалған жағдайда, онда Роман Абрамовичтің иелігіндегі лондондық клуб 90 млн фунт стерлингке шығындалатын болады. 

The Daily Mail таратып отырғандай, бас бапкерлікке тағайындалған Жозе Моуринью дау-шардың ортасында қалған ойыншы төңірегінде бәрін біліп отырған көрінеді. Ұзынқұлақтың сөзіне сенсек, «Юнайтед» басшылығы 30 млн фунтқа сатуға тас-түйін дайын отыр екен. 

Егер алда-жалда ауыс-түйін орын алып жатса, Рунимен арадағы келісім "Челсидің" үшін 60 млн фунтқа түседі - аптасына 240 мың фунт жалақы. 

Естеріңізде болса, «Юнайтедтің» жаңа жаттықтырушысы Дэвид Мойес бірінші баспасөз-конференциясында-ақ аталған ойыншыны сатқысы келмейтіндігін айтса да, футболшының қалу-қалмау төңірегінде туындаған журналистер сұрағына жауап беруден жалтарып еді. 

Агуэроның агенті "Барсамен" келісімге баруда

Аргентина құрамасы мен «Манчестер Ситидің» шабуылшысы Серхио Агуэро жазғы ауысымда "Барселонаның" жейдесін киіп қалуы мүмкін деп, хабарлайды Sport.es.

Ойыншының агенті каталондық клубпен арада келісім жүргізе бастапты. Ертеректе хабарланғандай, Диего Марадонаның күйеу баласына мадридтік "Реал" қызығушылық танытып келген болатын. 

Өткен маусымда Агуэро ағылшын біріншілігінде 30 ойын өткізіп, 12 гол соққан. 

сурет:footplay.kz

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Л. Лига