Джибриль Сиссе "Кубань" клубына ауысты

Джибриль Сиссе "Кубань" клубына ауысты

Француздық шабуылшы Джибриль Сиссе ресейлік Краснодарь қаласының "Кубань" клубымен келісім-шартқа отырды. 

Клубтың ресми сайтында хабарланғандай, футболшы мен клуб арасындағы келісім-шарт "1+1" сызбасымен жасалған екен. Сиссенің соңғы ойнаған клубы лондондық "КПР" клубы болатын. Алайда биылғы маусым аяқталысымен "КПР" премьер-лигадан шығып қалған еді. Сондықтан да Джибриль Краснодарға бос агент ретінде келді. Яғни оның трансфері үшін ешқандай қаржы төленген жоқ. 

"Спорт сүйер қауымға Джибриль Сиссені таныстырудың қажеті шамалы. Өйткені оның аты футбол әлеміндегі көпшілікке мәлім. Мұндай футболшының "Кубаньға" ауысуы үлкен жаңалық, ол клубтың имиджіне де оң әсерін тигізері анық. Ал футболшының өзі алдағы маусымнан күтері көп. Сиссенің басты мақсаты - "Кубань" сапында жақсы ойын өрнегін көрсетіп, Франция ұлттық құрамасы қатарына қайта оралу",-дейді клубтың спорттық директоры Сергей Доронченко. 

Айта кету керек, өз мансабы жолында Джибриль Сиссе ағылшындық "Ливерпуль" қатарында Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Суперкубогын жеңіп алған болатын. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: m.sovsport.ru

Б. Қосмағамбет