Конфедерация Кубогі. Италия қола жүлдені иеленді

Конфедерация Кубогі. Италия қола жүлдені иеленді

30 маусым күні Бразилияның Сальвадор қаласындағы «Арена Фонте-Нова — Отавиу Мангабэйра» стадионында Конфедерация Кубогінің үшінші орнына Италия мен Уругвай командалары өзара кездесу өткізді.

Жалпы бірінші тайм «Скуадра Адзурраның» басымдылығымен өтті. Итальяндықтар ойынның алғашқы минуттарынан бастап Уругвай қақпасына үлкен қарқынмен шабуылдауға көшті және ол өз нәтижесін берді. Кездесудің 25-минутында Италия құрамасының ойыншысы Астори өз командасын алға шығарды. Оскар Табарес шәкірттері тек бірінші таймның аяқталуына жақын қалғанда ғана ояна бастады, тіпті бір-екі рет Джанлуиджи Буффон қақпасын нысана алып көрмек болған, алайда тәжірибелі қақпашы қауіптің бетін сәтті қайтара білді.

Үзілістен соң Уругвай мүлдем басқа ойын көрсетті. Форлан бастаған шабуылдардың салдарынан Пранделли командасының толықтай қорғанысқа көшуіне тура келді. Кездесудің 58-минутында Э. Кавани есеп теңестірді. Осыдан соң қарсыластар тағы да бір-бір голмен ерекшеленді. Бірінші болып айып добын нәтижелі пайдалана алған Алессандро Диаманти көзге түссе, көп ұзамай Эдинсон Кавани де дәл сондай айып соққысынан өзінің екінші голын соқты.

Негізгі уақыт аяқталғаннан соң қарсыластар күштерін екі экстра таймда сынап көрмек болды, алайда ол да еш нәтиже бермеген болатын. Ақыры матч жеңімпазы сериялық пенальти арқылы анықталатын болды. Үш пенальтидің алдын алған Буффон, осылайша өз командасына үшінші орынды сыйлады. 

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Сурет: footballtop.ru

Ж. FM