Еурокубок жолындағы қарсыластар анықталды

Еурокубок жолындағы қарсыластар анықталды

Футболдан еурокубок жолындағы еліміздің намысын қорғайтын командалардың қарсыластары белгілі болды. УЕФА-ға мүше болған 2002 жылдан бастап санағанда еліміздің клубтары он бірінші жыл Еурокубок бәсекесінде бақтарын сынауға мүмкіндік алып отыр. Отандық клубтар әзірге еуротурнирлердің топтық кезеңіне өте алмай келеді. Бәлкім, биыл бұл үмітіміз ақталып қалар. Сонымен қарсыластар жайлы...

Чемпиондар лигасы

Батэ (Беларуссия) – Шахтер (Қазақстан)

Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу ойындары 2-3 шілде, ал қарымта кездесулері 9-10 шілде күндері өтеді. Еліміздің атынан сынға түсетін қарағандылық «Шахтер» іріктеу ойындарын екінші кезеңнен бастайтын болды. Екінші іріктеу кезеңінің ойындары 16-17 шілде, қарымта кездесулер 23-24 шілде күндері болады. Қарағандылық команда алғашқы ойынын сырт алаңда өткізеді. Қарсылас – беларусьтардың «Батэ» командасы.

«Батэ» клубы – беларусьтардың футбол тарихында еурокубок жолындағы жарыстардың топтық кезеңіне шыққан алғашқы команда. Беларуссияның 9 дүркін чемпиондары. Сонымен қатар 2 рет беларусь кубогын, 3 рет ел суперкубогын еншілеген. Естеріңізде болса, биылғы чемпиондар лигасының жеңімпазы «Бавария» топтық кезеңде осы командаға есе жіберген-ді. Қанша дегенмен азулы қарсылас, алайда «кеншілер» командасы намысты қолдан бермес деген сенімдеміз.

                                         

Еуропа лигасы

Левски (Болгария) – Ертіс (Қазақстан)

Керекулік «Ертістің» қарсыласы да осал емес. Болгарияның 26 дүркін, ел кубогының 27 дүркін жеңімпаздары. Сонымен қатар УЕФА кубогының ширек финалына дейін, 2006 жылы чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен ұжым.

Жеребе жөнінде «Левски» командасының спорттық-техникалық директоры Наско Сираков: "Біз үшін жеребе сәтсіздеу болды. Алда алыс жол ойыншыларға қиындау соғары сөзсіз. Алайда біз қарсыластарды құрметтейміз. Әзірге бізде «Ертіс» командасы жайлы мәліметтер жоқ, бірақ жинап жатырмыз", - деп хабарлады.

Ал «Ертіс» командасының бас бапкері Т.Байсуфинов: "Жанкүйерлер үшін, павлодарлықтар үшін, жалпы қазақстандықтар үшін азулы қарсыластың келгені жақсы. Бәрі де жақсы болады деп ойлаймын. Жалпы қарсыластар жайлы мәліметтер жинаудамыз. Мықты қарсылас деп қаймығу бізде жоқ", - деп мәлімдеді.

Алғашқы ойын 4 шілде күні Софияда, қарымта кездесу 11 шілдеде Павлодарда өтеді.

“Гандзасар” (Армения) - “Ақтөбе” (Қазақстан)

«Ақтөбе» командасының бас бапкері Владимир Никитенко: "Біз қарсылас команда жайлы мәліметтер жинастырып жатырмыз. Алайда біз оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүргенде, армян чемпионы «Пюникпен» кездесу өткізген болатынбыз. Армян футболшылары техникалық жағынан мықты және эмоционалды болып келеді", - деп мәлімдеді.

Қос ұжым арасындағы алғашқы кездесу 4 шілдеде Капан қаласында болса, қарымта кездесу 11 шілдеде Ақтөбеде өтеді. Жеңіске жеткен команда Норвегияның «Хедд» клубымен жарыс жолына шығады.

Еуропа лигасы аясында еліміздің намысын қорғайтын тағы да бір ұжым «Астана» командасы. Оның қарсыласы болгарлық «ЦСКА» клубы болған еді. Алайда команда қаржылық қиыншылыққа ұшырауына байланысты турнирге қатыса алмайтын болып шешілді. Енді екінші кезеңде елордалық ұжымның қарсыласы "Санта Колома" (Андорра) - "Зриньски" (Босния мен Герцоговина) командаларының жеңімпазы болмақ.

суреттер: assastudio.ru, kff.kz

Автор: Өмірбек Сансызбай

Ө. Сансызбай