Конфедерация Кубогы. Нигерия – Испания: матч алдында

Конфедерация Кубогы. Нигерия – Испания: матч алдында

Басында қаржылық қиындықтарға байланысты турнирге қатысу қатыспауы белгісіз болып келгеніне қарамастан Африканың үздігі Нигерия құрамасы алғашқы ойынында-ақ Таитиді талқандаған еді. Алайда кейін олардың қуанышын уругвайлықтар су сепкендей басып тастады. Ал бүгін сол Уругвай құрамасы Таитимен ойнаса, "қара құрлықтың" намысын қорғаған Нигерияға әлемнің ең үздік командасы Испанияға қарсы алаңға шығуға тура келіп тұр.     

Ал испандықтар бұл турнирде әзірге өздеріне сенімді. Себебі бірде-бір рет жеңіліс түгіл, тең ойынның нәтижесін де көрсеткен жоқ. Олар алғашқы ойынында-ақ Америка Кубогының иегерлерін жерге қаратқан еді. Одан кейінгі кезек Таити құрмасына келді. Кәсіпқой футболшысы жоқ Таити испандықтардан оңбай жеңілді. Есеп - 0:10. 

Енді алдағы ойынға кімдер шығады дегенге келсек, испан журналистерінің болжамына сенсек, Висенте дель Боске қақпа торын күзетуді Виктор Вальдеске тапсыруы әбден мүмкін. Ал шабуылшылар жөнінде нақты дерек жоқ. Бірақ кейбіреулер Торрес міндетті түрде алаңнан табылады дегенді айтады.  

Сондай-ақ Испания сапында қазіргі кезде үш ойыншы сары қағазбен жазаланған. Олар - Альваро Арбелоа, Санти Касорла және Жерар Пике. Сонымен аталған ойыншылар алаңға шығып, тағы да бір сары қағазбен марапатталар болса, Испания жартылай финалда әлгі ойыншылардың көмегіне жүгіне алмайды. Нигерия құрамасының қатарында да мұндай жазаға үш ойыншы ұшыраған: Джозеф Акпала, Майкл Бабатунде және Кеннет Омеруо 

Кім не деді?

Стивен Кеши, Нигерия құрама командасының бас бапкері: "Испанияға қарсы өтетін матчта кез-келген оқиғаның орын алуы мүмкін. Барлығы да біздің өзіміздің қалауымызға байланысты. Сіз жеңісті қаншалықты қаласаңыз, оған қоса сәттілік серік болып жатса, онда міндетті түрде жақсы ойын көрсетесіз. Біздің жігіттер де ойын кезінде тек жеңіске ұмтылуы керек". 

Жорди Альба, Испания құрама командасының қорғаушысы: "Егер де біз финалға дейін жетер болсақ, ол мен үшін үлкен қуаныш болар еді. Ал жанкүйерлер үшін финалда Испания мен Бразилия құрамаларының кездескені өте қызықты болар еді. Ал қазір бізге бастысы финалға дейін жету. Одан кейінгі мақсат әрине турнир кубогын иелену".   

Қысқаша статистика

– Қарсылас командалар осы күнге дейін тек бір рет кездескен екен. 1998 жылы Франция жерінде өткен әлем чемпионаты кезінде африкалық команданың бағы жанған еді (3:2). Кейін олар 1/8 финалға жолдама алған болатын. Ал испандықтар турнирді топтық кезеңнен аяқтады. 

– Уругвай құрамасынан тапқан жеңіліс Нигерия үшін 2010 жылдың қазан айынан бері бірінші рет болып тұр. Олар 20 кездесу бойына жеңіліс көрмей келген болатын. 

– Ал Испания ірі халықаралық турнирлерде (ӘЧ, Еуро, Конфедерация Кубогы) 14 матчтан бері жеңілген жоқ. Бұл бөлімдегі рекорд Бразилия құрамасына тиесілі. Ол бес жыл бойына (1993-1998) ешкімге тізе бүкпей келген еді. 

Төрешілер

Матчқа қазылық ету Сальвадор елінен келген Хоэль Агилар бастаған төрешілерге сеніп тапсырылды.

Букмекерлердің котировкалары

Нигерия құрамасының жеңісі: 12.50

Тең есеп: 6.05

Испания құрамасының жеңісі: 1.23

Командалардың болжанған құрамы

1

 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: eurosport.ru

Б. Қосмағамбет