Виктор Вальдес "Барсамен" қош айтысады

Виктор Вальдес "Барсамен" қош айтысады

"Барселона" клубының голкипері Виктор Вальдес бапкерлер қосыны мен футболшыларға биылғы маусым аяқталысымен өзінің каталондық клубпен қош айтысатынын мәлімдеді. 

Вальдес осыған дейін "Барселонаның" 2014 жылдың маусымына дейін ұсынған келісім-шартынан бас тартқан еді. Marca газеті жазғандай, бейсенбі күні футболшы клубтағы барлық ойыншыларды, бапкерлерді және басқа да қызметкерлерді жинап, үлкен кешкі ас берген. Осы кеште Вальдес барлығына клубтан кететіндігін мәлімдеген. Бірақ бұл кешке Тито Виланова, Жерар Пике және Дани Алвес келмеген көрінеді.

Айта кетейік, Виктор Вальдес "Барселона" клубының тәрбиеленушісі болып табылады. Және де ол каталондықтар қатарында 2002 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. "Барселона" клубында 31 жастағы Вальдес алты рет Испания біріншілігін, үш мәрте чемпиондар Лигасын және Король Кубогын және тағы да басқа турнирлерді жеңіп алды. Одан бөлек, Вальдес "Барселона" тарихындағы ең көп матч өткізген голкипер болып табылады. Ол клубпен алаңға 500 рет шыққан екен. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: eurosport.ru

Б. Қосмағамбет