2015 жылғы Чемпиондар Лигасының финалы Берлинде өтеді

2015 жылғы Чемпиондар Лигасының финалы Берлинде өтеді

2014/15 жылғы Кәрі құрлықтағы футболдан бәсі биік дода болып саналатын Чемпиондар Лигасының финалы Берлиндегі «Олимпиадалық» стадионда өтетін болды. Бұл алаңда «Герта» командасы өз матчтарын өткізеді. Ал сол жылғы Еуропа Лигасының финалын Варшавадағы «Ұлттық» стадион қабылдайды.

Бұл туралы шешімді УЕФА-ның атқарушы комитеті кеше, Лондонда болған жиналыс барысында анықтады. Сондай-ақ жиын барысында Еуропа Лигасын жеңген командаға Чемпиондар Лигасына тікелей жолдама беру туралы да мәселе қаралған болатын. Дегенмен, жиналысқа қатысқан УЕФА мүшелері бір шешімге келе алмай, бұл мәселені кейінге қалдырды.

2014/15 жылғы Чемпиондар Лигасының финалын қабылдайтын Берлиндегі «Олимпиадалық» стадион 74 мың жанкүйерді бір сәтте құшағына сыйдыра алады. Ал Варшавадағы «Ұлттық» стадионнан бір уақытта 56 мың жанкүйер футбол ойынын тамашалай алады.

Айта кетейік, 2012/13 жылғы маусымдағы Еуропа Лигасының финалдық кездесуі Амстердамда «Амстердам-Арена» стадионында өткен болатын. Ал биылғы Чемпиондар Лигасының финалын 25 мамыр күні Лондондағы атақты «Уэмбли» майданы қабылдайтын болатын. Финалда дортмундтық «Боруссия» мен мюнхэндік «Бавария» командалары кім мықтыны анықтайды. 

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: vesti.kz

А. Құлтай