Аршавин "Арсеналмен" қош айтысты

Аршавин "Арсеналмен" қош айтысты

Ресейлік футболшы Андрей Аршавин 2009 жылдан бері ойнап келе жатқан лондондық "Арсеналмен" қош айтысты.

""Арсенал" жанкүйерлеріне, осы жылдар аралығында менімен ойнаған командаластарыма, бапкерлерге, қызметкерлер құрамына үлкен алғысымды білдіремін. Үлкен рахмет!",-деп жазды 2012 жылдың тамыз айынан бері тұңғыш рет жаңартылып отырған туиттер парақшасына Аршавин.

Ойыншымен клуб арасындағы келісім-шарт мерзімі 2013 жылдың 30 маусымында аяқталады. Өткен жылғы маусымда ол "Зенит" сапында жалдамалы ойыншы ретінде ойнаған болатын. Аршавин 2012/13 жылғы ағылшын футбол маусымында жеті матчқа қатысып, бірде-бір рет көзге түсе алмады. Сол кезде британдық БАҚ оны осы маусым аяқталысымен клубтан кетіп, спорттық мансабын аяқтайды деп жазған болатын.

Айта кетейік, Аршавин "Зениттен" "Арсеналға" 2009 жылдың басында ауысқан еді. Сол кезде ағылшын клубы 2008 жылғы Еуропа біріншілігінің ең үздік футболшысының бірін 15 миллион фунт стерлингке сатып алған еді. Ал өткен жылы "зеңбірекшілер" оны бар жоғы 1 миллион фунтқа сатуды ойлаған еді. Алайда Аршавиннің өзі басқа клубқа ауыспайтынын мәлімдеді. Оның ұлттық құрамадағы қазіргі жағдайы да мәз емес. Ресей құрамасының тізгінін ұстаған Фабио Капелло оны командаға шақырған жоқ. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sport-xl.net

Б. Қосмағамбет