"Атлетико" – Испания кубогының жеңімпазы (Видео)

"Атлетико" – Испания кубогының жеңімпазы (Видео)

Кеше түнде Испания астанасының қос клубы король кубогының иегерін анықтады. Дәлірек айтсақ, "Сантьяго Бернабеуде" өткен финалдық матчта "Атлетико" мен "Реал" күш сынасты. Жан алысып, жан беріскен ойын қорытындысында "Атлетико" 2:1 есебімен "корольдік клубтан" басым түсіп, Испания кубогының 2012/2013 жылғы маусымындағы жеңімпазы атанды.

Матчтағы есепті 14-минутта "Реал" жұлдызы Криштиану Роналду ашты. Ол бұрыштан берілген допты қақпа торына дәл бағыттай білді. Алайда, олардың қуанышы ұзаққа созыла қойған жоқ. Бірінші таймның 34-минутында Фалькаодан әдемі пас алған Диего Коста есепті теңестіріп кетті.  

Ойынның қалған негізгі уақытында осы есеп сақталып, командалар қосымша 30 минуттық тайм ойнауға кірісіп кетті. Осы кезде сәттілік "Атлетико" ауылына жақындап, 98-минутта Миранда қақпа алдындағы қарбаластардың бірінде допты баспен қақпаға дарытты. 

Осылайша, "Атлетико" Испания Кубогын 10-мәрте жеңіп алды. Ал "Реал" бұл нәтижеге 19 рет жеткен. "Атлетико" соңғы рет осы кубокты 1995/96 жылғы маусымда жеңіп алған болатын.

Жалпы матч екі клубқа да оңай тиген жоқ. Ойынның 115-минутында Роналду "Атлетико" капитаны Габиге аяқ көтеремін деп ойыннан қуылса, ал ойын аяқталуға бірнеше секунд қалғанда осы оқиғадан зарбап шегуші Габидің өзі қызыл қағаз алды.  

Одан бөлек, "Реал" бапкері Жозе Моуринью матчты көрермендер арасынан тамашалауға мәжбүр болды. Ол 75-минутта төрешіге шағым айтам деп осындай жазаға кесілген болатын. Ол аздай, ойын үстінде алаң сыртындағы ойыншылар да жаға жыртысып қалды.   

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: rsport.ru

Б. Қосмағамбет