Реал – Боруссия: Әдемі жеңіс құтқармады

Реал – Боруссия: Әдемі жеңіс құтқармады

Сейсенбі күні, 30 сәуірде Чемпиондар Лигасының жартылай финалында мадридтік Реал Боруссиядан үстем болды, бірақ екі ойынның ұпай санымен немістер басым түсті.

Алғашқы ойыннан есеңгіреген Жозе Моуринью жауапты ойында жылдам гол соғу амалдарын қарастырды. Десек те, Вайденфеллер шеберлігінің арқасында испандық ойыншылар Игуаин, Озил және Роналдудың соққыларын дарытпады. Өз қақпасын барлық тұстан да керемет ойынымен қорғай алған қонақтар бірінші таймның ортасынан бастап жерліктерге қарымта шабуыл да жасап тұрды. Бернабеу стадионының қыры мен сырын біліп, көз үйрете бастаған дортмундықтар Лопестың қақпасына бірнеше мәрте шабуыл жасады. Бірақ бірінші таймда есеп ашылған жоқ.

Екінші таймның соңғы он минутын есептемегенде Реал ойыншылары бір де бір сауатты шабуыл жасай алмай, әлекке түсті. Кейін Моуриньо үш қорғаушыны ғана қалдырды (Коэнтраудың орнына Бензема алаңға шықты). Осы тактика неміс ойыншыларына көмекке келгендей: Ройс қайта-қайта бұрыштан доп әуелетті, Эссьен мен Левандовский Лопесты састырып, қақпа бағанасына дәл тигізген еді. Ал Гюндаган болса испандықтардың жағдайын тіпті де әлсіретіп жіберуі мүмкін еді, бірақ бұл ойыншыда шеберлік жетіспегені көрінді. Дәл осы көрініс 83 минутқа дейін жалғасты. Бұл кезде Бензема Роналдудың атып берген добын қақпаға қарай бұрып, есеп ашқан еді. Бұдан кейін реалдықтардың екінші демі ашылғандай әсер қалды, нәтижесінде 88-ші минутта Озилдың пасынан кейін Рамос күшті соққымен Вайденфеллерды қапы қалдыра білді. Неміс қақпасы ойынның соңғы секундтарына дейін әзер шыдап бақты. Ховард Уэбб соңғы ысқырықпен немістерге Лондонға жолдама алып берді.

2:0. Боруссия Дортмунд Чемпиондар Лигасының финалына шықты. Дортмундықтардың ақтық сындағы қарсыласы бүгін түнде белгілі болады. Барселона мен Бавария түнгі 00.45-те финалға шығуға таласады.  

Реал (Мадрид, Испания) 2:0 Боруссия (Дортмунд, Германия)

Голдар: Бензема (83), Рамос (89)

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: footballtop.ru

А. Құлтай