Гарет Бэйл «Баварияға» өтуі мүмкін

Гарет Бэйл «Баварияға» өтуі мүмкін

«Ливерпуль» Суареспен қоштасуға дайын. Ал Маруан Феллайниді питерлік «Зенит» пен «Анжи» командалары өз сапында көргісі келеді. «Барселона» Агуэра үшін қомақты ақша мен Даниэл Алвесті беруге дайын. Гарет Бэйл «Баварияға» өтуі мүмкін. Осы және өзге де Еуропа алаңдарындағы футбол жаңалықтары келесі топтамада.  

Маруан Феллайни махачкалалық «Анжи» мен питерлік «Зенит» командасының жаз мезгіліндегі басты трансферлік мақсаты болып отыр. 25 жасар Бельгия құрамасының ойыншысы жоғарыдағы екі ресейлік команданың сапына 23 миллион фунтқа өтуі мүмкін. Daily Mail басылымының хабарлауынша, «Эвертон» басшылары дәл осындай сомаға өздерінің көшбасшы ойыншыларын басқа клубқа жіберуге дайын екен. Дегенмен, ертеректе бұл ойыншыға лондондық «Челси» мен мадридтік «Реал» командалары да қызығушылық танытқан болатын. Сондықтан «Анжи» мен «Зенитке» Маруанды өз қатарларына қосу оңайға соқпайтын секілді.

«Ливерпуль» өзінің негізгі шабуылшысы Луис Суаресті басқа клубқа жіберуге дайын. Мұның басты себебі ретінде, Суарестің өткен сенбі куні «Челси» қорғаушысы Бранислав Ивановичтің қолынан тістегені алға тартылып отыр. Goal.com мәліметі бойынша, мерсисайдтықтар Суаресті ағылшын біріншілігінде ойнамайтын кез келген командаға 40 миллион фунтқа сатуға келісім береді. Дегенмен, «Ливерпульдің» Fenway Sports Group (FSG), деп аталатын америкалық қожайындары ағылшындық командалармен де келісім-шарт жүргізіп қалуы мүмкін.

«Кубань» ұжымы жазда «Фулхэмнің» қорғаушысы Филипп Сендеросты өз қатарларында көргісі келеді. Отандасымыз Бауыржан Исламхан өнер көрсететін красноярлық команда ойыншы үшін 2 миллион еуро жұмсауға келісім берген. Life Sports басылымының ақпараты бойынша, 28 жасар футболшы мен «Кубань» жетекшілерінің арасында арнайы кездесу болған да екен. Дегенмен ол жиын қорытындысы бойынша, екі тарап қандай шешім қабылдағаны белгісіз.

«Барселона» өздерінің ежелгі қарсыластары болып саналатын «Реал» командасынан бұрын «Манчестер Ситидің» шабуылшысы Серхио Агуэроны өз қатарларына қосып алуға ниетті. Каталондықтар 24 жасар шабуылшы үшін 35 миллион еуро және қорғаушы Даниэл Алвесті қосып беруге дайын. Ал аргентиналық шабуылшының өзіне жыл сайын 9 миллион еуро айлық пен 6 жылдық шартнама ұсынбақ.

«Манчестер Сити» келер маусымның қамын ерте бастан ойлап жатыр. Олар келер маусымға жаңа бас бапкермен келетін секілді. Daily Star-дың жазуынша, «МС» командасының тізімін ұстауға Мануэль Пеллегрин («Малага»), Карло Анчелотти («ПСЖ»), Юрген Клопп («Боруссия Д») және жуырда «Атлетико» командасының бас бапкері Диего Симеоненің қосылғанын айтады.

«Ювентус» Златан Ибрагимовичті қайта Италияға қайтарып алуы ғажап емес. Football Italia басылымының айутынша, 31 жасар швед шабуылшысымен «Ювентустың» бас бапкері Антонио Контенің өзі келісім сөздер жүргізіп жатыр екен. Туриндік команда Ибраға 4 жылдық келісімге келуді сұрап отыр. Ал шабуылшы үшін «ПСЖ»-ға тек 10 миллион еуро беруге бел буған.

«Бавария» Гарет Бэйлді аңдушылардың қатарына қосылды. Айта кетейік, ертеректе Гаретті өз қатарларында «Реал», «Барселона», «ПСЖ» командалары көргісі келетіндігін айтқан болтын. The Sun-ның мәліметі бойынша, Уэльс құрамасының ойыншысы үшін Германияның су жаңа чемпиондары қазынасынан 40 миллион еуро жырып беруге дайын. Дегенмен «Тоттенхэм» Бэйлді тек 100 миллион фунтқа жібереміз деген ойынан айнымай отыр.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: sport-xl.net, footballprice.ru, massfootball.com, sport-xl.net

Ю. НИКУЛЛИН