Бельгия – Әлем чемпионатының қола жүлдегері
Фото: skysports.com

Бельгия – Әлем чемпионатының қола жүлдегері

Әлем чемпионатының соңғы ойындарының бірін Бельгия мен Англия құрамалары өткізді. Бұл ойында қола жүлденің тағдыры шешілді. 

Ойын алдында екі құраманың мүмкіндіктері тең бағаланған. Алайда, ойын бойы өте сауатты футбол көрсеткен Бельгия ойыншылары қарсыласынан бір бас жоғары тұрды. 

Матчтың 4-ші минутында сол қапталдағы Насер Шадлиден дәл пас алған Томас Менье есеп ашты. 

Ойын барысында бельгиялықтар ойынды қорғаныста өткізіп, оқтын-оқтын контршабуылдар ұйымдастырып жүрді. Бапкер Роберто Мартинестің бұл тактикасы 82 минутта өз жемісін берді. Орталық шептегі Кевин Де Брөйнеден пас алған Эден Азар жеңіс голын соқты. Есеп 2:0. 

Осылайша, Бельгия құрамасы өз тарихында алғаш рет Әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды. Бұған дейінгі олардың үздік нәтижесі 1986 жылғы мундиальдің төртінші орны еді. 

Ал Англия құрамасы өз тарихында осымен үшінші рет үздік төрттікке кірді. Олар 1966 жылы өз елдерінде өткен чемпионатта жеңімпаз атанған. Ал 1990 жылы үшінші орын үшін болған ойында Италиядан жеңіліп қалған.

Әлем чемпионатының финалы 15 шілде күні Мәскеудегі «Лужники» стадионында Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады.

⠀. Massaget⠀