Массагет бәйгесі. Бүгін финалға шыққан екінші құрама анықталады

Массагет бәйгесі. Бүгін финалға шыққан екінші құрама анықталады
Фото: Depositphotos, Infobae

Футболдан әлем чемпионаты да аяқталып келеді. Бүгін түнде финалға шыққан екінші құрама белгілі болады. Осы ойынмен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі де жалғасады.

Хорватия - Англия

Франция ұлттық құрамасы финалға шығып үлгерді. Кезек Хорватия немесе Англия құрамаларының бірінде. Қай жеңгені француздарға қарсылас атанады. Ұтылғаны Бельгиямен қола жүлде үшін ойнайды.

Англия құрамасының жанкүйерлері жұрт қайтқанда Ресейге келе бастады. Жартылай финалда командасын қолдамақ. Көпшілігі Гарет Саутгейт жігіттерінен көп үміт күтпеген еді. Топтан шығып, ширек финалға шыққанның өзін жетістік санаған. Себебі құрама тізгінін 2 жылдай уақыт ұстаған Гареттің өзі де жас, ойыншылары да жас.

Англия құрамасының орташа жас мөлшері - 26. Әлем чемпионатына қатысқан құрамалар арасында Нигериядан кейінгі жас құрама болды. Дегенмен ағылшындардың асығы алшысынан түсіп келеді. Бұл сәттілік пе, әлде жүйелі ойынның нәтижесі ме? Мұны Гарет Саутгейт шәкірттері бүгін тағы бір дәлелдеуге тырысары анық.

Хорватия құрамасының ойыны командалық жүйесімен ерекшеленді. Пенальти сериясында да шеберлік танытып келеді. Әсіресе Аргентинаға қарсы ойында 3:0 есебімен жеңіске жетуі ойыншыларды жігерлендіре түсті.

Златко Далич жаттықтыратын хорваттар сапында кей ойыншылар жарақат алып қалғаны айтылуда. Бүгінгі ойынға Шим Врсалько тізесінен алған жарақатына байланысты қатыспайды. Қақпашы Даниэль Субашичте де иығын ауырсынып жүр деген ақпарлар бар. Деян Ловренде де жарақат бар көрінеді. Ал ағылшын құрамасының негізгі құрам ойыншылары жарақаттан дін аман.

Екі құрама өзара 7 рет кездескен. 4 ойында ағылшындар, 2 ойында шақпақ жейделі құрама жеңіске жеткен. 1 кездесу тең аяқталған.

Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:

Хорватия: Субашич - Стринич, Вида, Ловрен, Чорлука - Брозович, Ракитич - Перишич, Модрич, Ребич - Манджукич;

Англия: Пикфорд - Магуайер, Стоунз, Уолкер - Хендерсон - Янг, Алли, Лингард, Триппьер - Стерлинг, Кейн;

Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan және QazSport арналары көрсетеді. Ойынға түрік төрешісі Джюнейт Чакыр қазылық жасайды.

Ө. Сансызбай