Бразилияны ұтқан Бельгия жартылай финалға шықты

Бразилияны ұтқан Бельгия жартылай финалға шықты
Фото: vk.com

Футболдан Бельгия ұлттық құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Роберто Мартинес жаттықтыратын құрама ширек финалда Бразилияны жарыс жолынан шығарды.

Қазанда өткен кездесуде Бельгия құрамасы пентакампеондарды 2:1 есебімен ұтты. Бельгиялықтар ойындағы екі голды да бірінші таймда соқты. 13 минутта бразилиялық жартылай қорғаушы Фернандиньо өз қақпасына автогол соғып алды.

Ал 31 минуттағы Кевин Де Брюйненің тепкен добын қақпашы Алиссон қайтарып үлгермеді.

Екінші таймда Бразилия құрамасымен есепті теңестіру үшін барын салғанмен, бір голмен ғана шектелді. Ол голды ойынға тыңнан қосылған Ренато Аугусто соқты.

Соңғы минуттарда Бельгия құрамасының қақпашысы Тибо Куртуа да бірнеше сэйв жасап, гол соқтырған жоқ. Нәтижесінде 2:1 есебі сақталып, Бельгия жартылай финалға шықты.

Жартылай финалда "қызыл сойқандар" Франция құрамасымен кездеседі. Ойын 11 шілде күні өтеді.

Ө. Сансызбай