Массагет бәйгесі. Бүгін ширек финалдағы ойындар басталады

Массагет бәйгесі. Бүгін ширек финалдағы ойындар басталады
Фото: Nước Pháp, Goal.com

Бүгін футболдан әлем чемпионатының ширек финалындағы ойындар басталады. Осы ойындармен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі де жалғасады. Бүгін ойнайтын құрамалар жайлы аз-кем ақпарат ұсынамыз.

Франция – Уругвай

Ширек финалдағы ойындарды Франция мен Уругвай құрамалары бастайды. Нижний Новгородтағы кездесу Астана уақытымен кешкі сағат 20:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсетеді.

Букмекерлік орталықтар Франция құрамасын фаворит санап отыр. Оның себебі де жоқ емес. Франция әлем чемпионатындағы құрамы ең қымбат құрама. Ойыншылары Еуропаның кіл мықты клубтарында ойнайды. Одан өзге Уругвай құрамасының үздік сұрмергені Эдинсон Кавани жарақатына байланысты бүгінгі ойынға шыға алмайды. Луис Суаресте де кішігірім жарақат бары айтылды.

1/8 финалда Франция құрамасы Аргентинаны еліне қайтарды. Ал уругвайлықтар Португалияны ұтып, ширек финалға шықты. Енді "не бел кетеді, не белбеу кетеді" деген ойын күтіп тұр.

Қос құрама әлем чемпионатында үш рет кездескен. 1966 жылы өткен ойында Уругвай құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жеткен. 2002 және 2010 жылдардағы мундиальда 0:0 есебімен тең ойнаған.

Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:

Франция: Уго Льорис, Бенжамен Павар, Самуэль Юмтити, Рафаэль Варан, Лукас Эрнандес, Н'Голо Канте, Поль Погба, Корентин Толиссо, Килиан Мбаппе, Антуан Гризманн, Оливье Жиру.

Уругвай: Муслера - Лашальт, Годин, Хименес, Касерес - Весино, Торрейра, Нандес - Бентакур, Арраскаета - Суарес.

Ойынға аргентиналық төреші Нектор Питана қазылық жасайды.

Бразилия – Бельгия

Футбол жанкүйерлері асыға күткен ойындардың бірі Қазанда өтеді. Бразилия мен Бельгия құрамалары жартылай финал жолдамасына таласады.

Қос құрама арасындағы ойынды болжау қиын. Дегенмен букмекерлік орталықтар аз да болса селесаоға басымдық беруде. 1/8 финалда Жапониядан екі доп басымдығымен жеңіліп тұрып, жеңіске бастар жолды тапқан Бельгия да бір айтары бар құрама.

Қазан Аренада өтетін ойын Астана уақытымен сағат түнгі 00:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport және Qazaqstan ұлттық арналары көрсетеді.

Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:

Бразилия: Алиссон - Фагнер, Тьяго Силва, Миранда, Фелипе Луис/Марсело - Фернандиньо, Паулиньо - Виллиан, Филипе Коутиньо, Неймар – Жезус

Бельгия: Куртуа - Вертонген, Компани, Алдервейрелд - Витсель, Де Брюйне, Шадли, Мунье - Феллаини, Азар – Лукаку

Ойынға серб төрешісі Милорад Мажич қазылық жасайды.

Айта кетейік, осыған дейін порталымыз болжамдар бәйгесін (ережесімен осы сілтемеге өтіп таныса аласыз) жариялаған болатын. Болжамдарды төмендегі "пікір білдіру" алаңына қалдырасыздар. Бүгінгі ойындарға болжам жасау ойындардың басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады (Егер мүмкін болса төрт ойынға бірден болжам жасағандарыңыз абзал болар еді). Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Сондай-ақ бір болжам жасағаннан кейін аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз. 

Биылғы Mассагет бәйгесінің бас демеушісі – Huawei. Бірінші орын алған жеңімпаз Р20 Lite смартфонына ие болады.

Ө. Сансызбай