"Е" тобында плей-оффқа шыққан құрамалар соңғы турда анықталады

"Е" тобында плей-оффқа шыққан құрамалар соңғы турда анықталады
Фото: fifa.com

Швейцария құрамасы Сербияны 2:1 есебімен ұтып, 3 ұпайға ие болды. Нәтижесінде бұл топтағы плей-офф жолдамасының иегерлері соңғы турда анықталатын болды.

Сербтер бірінші таймда қарсыластарын ұтып-ақ шыққан. 5 минутта Александр Митровичтің баспен соққан голы командасына басымдық беріп тұрған еді. Егер осы есепті сақтағанда Сербия құрамасы 1/8 финалға шыққан болар еді. Алайда екінші таймда швейцариялық футболшылар таразы басын теңестіріп қана қоймай, жеңіске бастар жолды тауып та кетті.

52 минутта Гранит Джака есепті теңестірді. Ал 90 минутта Джердан Шакиридің соққан голы Швейцарияға жеңіс сыйлады.

Қазіргі таңда топта Бразилия мен Швейцария құрамаларында 4 ұпайдан бар. Сербияда – 3 ұпай. Ал плей-офф жолдамасынан үмітін үзген Коста-Рика құрамасының қоржыны бос тұр. Топтағы үшінші ойында Бразилия Сербиямен, Швейцария Коста-Рикамен кездеседі.

Ө. Сансызбай