Массагет бәйгесі. Үздіктер қатарынан көрінуге асығыңыз!

Массагет бәйгесі. Үздіктер қатарынан көрінуге асығыңыз!
Фото: Hype.ru, AP, Reuters

Бүгін футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі "D" және "Е" топтарындағы екінші ойындар өтеді. Осы ойындармен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі де жалғасады. Бүгін ойнайтын құрамалар жайлы аз-кем ақпарат ұсынамыз.

Бразилия - Коста-Рика

"Е" тобында плей-офф кезеңіне жолдама алған құрамалар екінші турдан кейін-ақ анықталуы қиындау. Ал Коста-Рика бүгін Бразилиядан ұтылатын болса, онда мундиальды топтық кезеңде аяқтайды.

Бірінші ойында Бразилия Швейцариямен  тең ойнаса (1:1), Коста-Рика Сербия құрамасынан (0:1) ұтылды.

Осыдан 4 жыл бұрын Бразилияда өткен мундиальда коста-рикалықтар нағыз сенсация жасады. Англия, Италия мен Уругвай құрамаларын артта қалдырып, топта бірінші орын алды. 1/8 финалда Грекия құрамасын жарыс жолынан шығарды. Ширек финалда Нидерланд құрамасымен тең ойнап, пенальти сериясында есе жіберді. Биыл олар үшін бұл жетістігінің ауылы алыс секілді...

Бразилия мен Коста-Рика өзара 10 рет кездескен. Оның 9-да пенаткампеондар үздік шыққан. Тек 1960 жылы өткен бір жолдастық кездесуде коста-рикалықтар ұтқан екен.

Селесаоның дәл қазіргі құрамы ең талантты, тәжірибелі әрі жас ойыншылардан құралған. Әлем чемпионатындағы құрамы ең қымбат 10 құраманың қатарында. Бүгін Коста-Рикаға қарсы ойында олар фаворит екені сөзсіз.

Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:

Бразилия: Алиссон - Марсело, Миранда, Силва, Данило - Коутиньо, Каземиро, Паулиньо - Неймар, Жезус, Виллиан

Коста-Рика: Навас - Кальво, Дуарте, Гонсалес, Акоста, Гамбоа - Боланьоз, Гузман, Боргес, Руиз - Уренья

Санкт-Петербургте өтетін ойын Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсетеді. Бас төреші - нидерланд Берн Куйперс.

Нигерия - Исландия

"D" тобында Хорватия құрамасы плей-офф кезеңіне жолдама алып үлгерді. Екінші жолдамаға талас қыза түспек. Бүгін жанкүйерлер күтетін ойынның бірі - Нигерия мен Исландия құрамалары арасында өтеді.

Аргентиналық жанкүйерлер де бұл ойынның нәтижесіне алаңдайтыны анық. Исландия ұтылып немесе тең түссе олардың құрамасына қол болмақ.

Нигерия мен Исландия арасындағы ойын Волгоград қаласында өтеді. Ауа райының ыстық болуы - Африка құрлығынан келген құрама үшін тиімді болуы мүмкін. Ал исландиялықтар салқын ауа райында ойнап үйреніп қалған. Викингтер үшін осы бір фактор қиындық тудыруы мүмкін.

Исландия бірінші ойында Аргентинамен тең ойнады. Осы ойыннан кейін команда Нигерияға қарсы да рухтанып ойнары сөзсіз. Оның үстіне викингтер әлем чемпионатына алғаш рет қатысып жатыр.

Нигерия құрамасы да талантты ойыншылардан құралған. Әсіресе бүгін барын салатын күні. Себебі Исландиядан ұтылатын болса, олар үшін әлем чемпионаты аяқталады (топтағы соңғы ойынның маңызы қалмайды).

Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:

Нигерия: Френсис Узохо; Шеху Абдуллахи, Вильям Трост-Эконг, Леон Балогун, Брайан Идову; Вилфред Ндиди, Джон Оби Микель, Огхенекаро Этебо; Виктор Мозес, Одион Игало, Алекс Ивоби

Исландия: Ханнес Хальдорссон; Биркир Севарссон, Кари Арнасон, Рагнар Сигурдссон, Хордор Магнуссон; Эмиль Халльфредссон, Арон Гуннарссон; Гилфи Сигурдссон, Биркир Бьярнассон, Рюрик Гисласон; Альфред Финнбогасон

Ойын Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan арнасы көрсетеді. Кездесуге жаңа зеландиялық төреші Мэтью Конгер қазылық жасайды.

Сербия - Швейцария

Сербтер бірінші ойында Коста-Риканы ұтып, "Е" тобында 3 ұпаймен көш бастап тұр. Бүгін де жеңіске жететін болса, 1/8 финалға шығады. Ал оған бірінші ойында Бразилиямен тең ойнаған швейцариялықтар жол берер ме екен?

Қос құрама алғаш рет жасыл алаңда жолықпақ. Сербия кезінде Югославия болғанда өзара 13 рет кездескен.

Сербия мен Швейцария - тең дәрежелі құрамалар. Сондықтан бүгінгі ойын тартысты өтері сөзсіз. Спорт сарапшыларының пікірлеріне сүйенсек, бұл ойында көп гол соғылмауы да мүмкін. Тең нәтиже болуы мүмкін деп болжайтындар саны басым. Бұл ойында жаттықтырушылардың ұстанатын ойын жүйесі де маңызды болмақ.

Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:

Сербия: Стойкович – Иванович, Миленкович, Тошич, Коларов – Матич, Миливоевич, Милинкович-Савич, Тадич, Костич – Митрович.

Швейцария: Зоммер – Лихтштайнер, Шер, Аканджи, Родригес – Бехрами, Джака – Шакири, Джемаили, Цубер – Сеферович.

Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталады. Қазақстандық футболсүйер қауым тікелей эфирде Qazaqstan ұлттық арнасынан тамашалай алады. Кездесуге неміс төрешісі Феликс Брых қазылық жасайды.

Айта кетейік, осыған дейін порталымыз болжамдар бәйгесін (ережесімен осы сілтемеге өтіп таныса аласыз) жариялаған болатын. Болжамдарды төмендегі "пікір білдіру" алаңына қалдырасыздар. Бүгінгі ойындарға болжам жасау ойындардың басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады (Егер мүмкін болса төрт ойынға бірден болжам жасағандарыңыз абзал болар еді). Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Сондай-ақ бір болжам жасағаннан кейін аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз. 

Биылғы Mассагет бәйгесінің бас демеушісі – Huawei. Бірінші орын алған жеңімпаз Р20 Lite смартфонына ие болады.

Болжамдар бәйгесіне бүгіннен бастап та қатыса берсеңіздер болады. Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Болжамдар бәйгесінің ережесі

Ө. Сансызбай