Сенегал құрамасы Польшаны ұтты

Сенегал құрамасы Польшаны ұтты
Фото: vk.com

Футболдан Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатында топтық кезеңдегі бірінші ойындар аяқталды. "Н" тобында Сенегал құрамасы Польшаны ұтып, топтағы алғашқы 3 ұпайларын алды.

Мәскеуде өткен кездесуде Африка құрлығынан келген құрама жеңіске жетті. 37 минутта поляк қорғаушысы Тьяго Ционек допты сәтсіз қайтарып, өз қақпасына гол соғып алды. Ал 60 минутта Польша құрамасы ойыншылары қателесіп, екінші голдың өз қақпаларына соғылуына себепкер болды. Алаң жиегінен ойынға оралған Мбайе Ньянг бұл мүмкіндікті сәтті пайдаланып кетті.

Ойын соңында, дәлірек айтсақ 86 минутта жартылай қорғаушы Гжегож Крыховяк есепті қысқартты. Сенегал ойыншылары одан кейінгі уақытта сәтті қорғанып, таразы басын теңестіруге мүмкіндік бермеді.

Айта кетейік, Польша құрамасы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстанмен бір топта болған еді. Астанада өткен алғашқы кездесуде 2:2 есебімен тең ойнаса, сырт алаңда отандастарымыз 3:0 есебімен ұтылған-ды.

Ө. Сансызбай