Жапония 10 футболшымен ойнаған Колумбияны ұтты

Жапония 10 футболшымен ойнаған Колумбияны ұтты
Фото: vk.com

Футболдан әлем чемпионатының Н тобындағы алғашқы ойын аяқталды. Жапония құрамасы Колумбияны 2:1 есебімен ұтып, алғашқы 3 ұпайына ие болды.

Cаранскіде өткен ойында самурайлардың саны басым болды. Себебі 3 минутта өз қақпасы алдында қолмен ойнаған Карлос Санчес алаңнан қуылды. Бұл - Ресейдегі әлем чемпионатында қызыл қағаз алған алғашқы футболшы. Бас төреші Дамир Скомина пенальти белгіледі. Синдзи Кагава өз мүмкіндігін сәтті пайдаланып, командасын алға шығарды.

39 минутта 10 ойыншымен ойнаса да Колумбия құрамасы есепті теңестірді. Айып соққысынан гол соққан – Хуан Кинтеро.

Алайда екінші таймда жапондар жеңіске бастар жолды тапты. Бұрыштамадан асырылған допқа бірінші жеткен Юя Осака Оспина қорғаған қақпаны тура көздеді. Есеп 2:1. Жапондар 3 ұпайға ие болды.

Бұл топтағы Польша мен Сенегал құрамалары арасындағы кездесу Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады.

О. Сансызбай