"Мінесің бе, жейсің бе?" Рахмонов сыйға алған жылқы туралы айтты

"Мінесің бе, жейсің бе?" Рахмонов сыйға алған жылқы туралы айтты
Фото: UFC

UFC-де өнер көрсететін қазақстандық Шавкат Рахмонов "Вестник ММА" Уoutube-арнасына берген сұхбатында сыйға алған жылқы туралы айтып берді, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Америкалық Джефф Нилді UFC 285 турнирінде жеңген Шавкатқа бірнеше сыйлық тарту етілді. Соның ішінде белгілі боксшы Мадияр Әшкеев файтерге жылқы атады.

"Қазақта сыйлы адамдар мен қонақтарға ат мінгізіп, шапан кигізеді. Бұл - біздің мәдениет. Сыйлық кішкентай болса да қуантады. Егер шын көңілімен жасап жатса, мен қабыл аламын", - дейді Шавкат. 

Шавкат Рахмоновқа сыйға алған жылқыны міне ме, әлде соғым қыла ма деген сұрақ қойылды. 

"Білмеймін. Бізде соғым деген бар, бірақ жүйрік атты соймайды. Көкпар атын да соймайды. Союға арнайы жемдейтіндері бар", - дейді файтер. 

Файтер әлі қандай жылқы сыйланғанын білмейді. 

"Қашан көретінімді білмеймін. Айтады да, сол күйі қалатын кездер болады. Ал Мадияр - салмақты жігіт және спортшы. Оның сөзіне күмәнім жоқ", - дейді Шавкат. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек